Ашық құдықтар балалардың өміріне қауіп төндіріп отыр – Нұрсадық Ергешбек

Бүгін, 12:03 / Алуа Арман

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Нұрсадық Ергешбек бүгін өткен Құрылтай отырысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа инженерлік желілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықты қорғау шаралар бойынша депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Ел азаматтарының қауіпсіздігіне қатер төндірген ашық құдықтар мәселесі шұғыл әрі жүйелі шешімді қажет етеді. Бұл – коммуналдық инфрақұрылым мен жауапты органдардың жұмысындағы өзекті мәселе. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға қомақты қаржы бағыттап, қызмет көрсету сапасы мен қолжетімділігін арттыру міндетін қойды. Осы басымдықтар «Әділет» партиясының сайлауалды тұғырнамасында да көрініс тапқан. Атап айтқанда, инженерлік желілердің тозуын азайту, инфрақұрылымды жаңғырту және оның тиімділігін арттыру көзделген. БАҚ мониторингінің мәліметтері бойынша, тек 2026 жылы балалардың ашық құдықтарға құлауының жеті жағдайы тіркелген», – деді ол.

Депутат бұл мәселенің жүйелі сипатқа ие болып отырғанын да жеткізді.

«Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, анықталған ашық люктер саны 2021 жылы 126-дан, 2025 жылы 356-ға дейін өсті,
ал 2026 жылдың тоғыз айында тағы 276 әкімшілік іс тіркелген. Бұл ретте елде әлі күнге дейін барлық инженерлік құдықтардың бірыңғай цифрлық есебі жоқ. Оларды қауіпсіз деңгейде ұстауға жауаптылар әрдайым анықтала бермейді. Ал иесіз объектілер мен металл қақпақтардың ұрлануы бойынша қосымша тәуекелдерді тудырады. Қолданыстағы Абаттандырудың үлгілік қағидалары бойынша қауіпті аймақты бір сағат ішінде қоршауды және қақпақты бес сағатқа дейінгі мерзімде ауыстыруды көздейді. Дегенмен, нақты есеп беру, қауіпті жедел анықтау және орындау болмаса, стандартты мерзімдердің өзі жеткіліксіз», – дейді ол.

Депутат осы айтылған мәселелерді ескере отырып, «Әділет» партиясының атынан бірнеше ұсыныс енгізді.

«Жоғарыда айтқанды ескере отырып, «Әділет» Фракциясы:

Бірыңғай жауапкершілік ережелерін белгілеуді және меншік иесі туралы ақпараты бар құдықтардың цифрлық тізілімін жасауды;

Қауіпті дереу жою үшін қараусыз қалған құдықтарды мамандандырылған ұйымдарға беруді;

Бір сағат ішінде қауіпті аймақтарды қоршауды, екі сағат ішінде балалар мекемелеріндегі қақпақтарды ауыстыруды және қақпақтардың жеткілікті қорын сақтауды;

Тәуекелі жоғары құдықтарды торлармен және датчиктермен жабдықтау арқылы арнайы санатқа бөлуді;

Композиттік қақпақтарға қойылатын талаптарды әзірлеуді және ұрлық аймақтарындағы металл қақпақтарды олармен ауыстыруды;

Ұрланған қақпақтарды тапсыру әрекеттері кезінде металл сынықтарын қабылдау бойынша бақылауды күшейтуді және полицияға жедел хабарлауды;

Уәкілетті органдар мен өңірлер үшін бірыңғай жүйеде деректер алмасуды қамтамасыз ете отырып, жарақаттардың, ұрлықтардың және оларды шешу мерзімдерінің бірыңғай есебін енгізуді;

Қауіпті аймақтарды анықтау және тәуекел карталарын жасау бойынша пилоттық жобаларды іске қосу арқылы бүкіл ел бойынша «Қауіпсіз құдық» науқанын ұйымдастыруды ұсынамыз», – деді ол.

Тэгтер:

депутат депутаттық сауал Құрылтай Нұрсадық Ергешбек