30 мың доллар: Аса ірі көлемде алаяқтық жасаған Астана тұрғыны сотталды

Бүгін, 10:50 / Алуа Арман
istockphoto.com

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін айыпталған А-ға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұған дейін алаяқтық жасағаны үшін бірнеше рет сотталған А. Д.-ға қатысты қылмыстық істің тергеліп жатқанын және оның туыстары істің оң шешілуіне мүдделі екенін білген. Осыны пайдаланып, ол жәбірленуші Г.-ның ақшасын алдау және сеніміне қиянат жасау арқылы иемденуді көздеген.

2023 жылғы қаңтарда ортақ танысы арқылы А. Г.-мен кездесіп, өзінің байланыстары бар екенін және қылмыстық істің барысына ықпал ете алатынын айтып, Д.-ны қылмыстық жауаптылықтан босатуға көмектесуге уәде берген. Өз қызметі үшін ол 27 млн теңге талап еткен.

Уәдесіне сенген Г. 2023 жылғы 20 қаңтарда делдал арқылы А.-ға аталған соманы берген.

Алайда кейіннен Д. 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Үкім шыққаннан кейін А. жәбірленушіні қайтадан алдап, апелляциялық сатыда Д.-ны ақтап алуға көмектесе алатынын айтып, ол үшін 30 000 АҚШ долларын талап еткен.

Нәтижесінде 2023 жылғы 10 қыркүйекте Г. А.-ға 20 000 АҚШ долларын, ал 24 қыркүйекте қалған 10 000 АҚШ долларын берген.

Осылайша, А. жәбірленушінің 27 млн теңгесі мен 30 000 АҚШ долларын иемденіп, аса ірі мөлшерде материалдық залал келтірген.

Кейіннен жәбірленушіге 39 132 900 теңге көлеміндегі ақшалай қаражат қайтарылған.

Жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты мен ауырлық дәрежесін, ауырлататын мән-жайдың болуын, сондай-ақ жәбірленушінің пікірін ескере отырып, сот ҚК-нің 60-бабының талаптарына сәйкес А.-ға түпкілікті 6 жыл 10 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Тэгтер:

Алаяқ Сот үкім