Испанияда футболшы матч кезінде ауыр жарақат алып, ауруханада көз жұмды

Бүгін, 22:33 / Жамбыл Жайлау

Испанияның «Тенерифе» клубының 30 жастағы шабуылшысы Хесус де Мигель футбол матчы кезінде қарсылас қақпашысымен соқтығысқаннан кейін қайтыс болды. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, спортшы 3 қараша күні таңертең ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қайғылы оқиға 2 қарашада Испанияның екінші дивизионы – Сегунда чемпионаты аясындағы «Тенерифе» мен «Андорра» командаларының кездесуінде болған.

Матч аяқталуға жақындағанда есеп 2:2 болып тұрған. Қосымша уақытта Хесус де Мигель қарсылас қақпасына қарай ұмтылған. Осы сәтте «Андорра» қақпашысы Хесус Овоно қақпасынан шығып, допқа бірінші жетуге тырысқан. Алайда ойыншылар соқтығысып, қақпашының тізесі шабуылшының кеуде тұсына тиген.

Қатты соққы алған Хесус де Мигель алаңға құлап, есінен танып қалған.

Оқиғадан кейін екі команданың ойыншылары дереу медициналық қызметкерлерді көмекке шақырған. Дәрігерлер бірнеше минут бойы футболшыға алаңда алғашқы көмек көрсетті. Кейін оны жедел жәрдем көлігіне жеткізген.

Медициналық мәліметтерге сәйкес, футболшының жүрегі тоқтап, тыныс алуы бұзылған. Реанимациялық шаралардан кейін дәрігерлер жүрек соғысын қалпына келтірген. Алайда спортшы есін жимаған күйі аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды.

3 қараша күні жергілікті уақытпен сағат 08:00-де Хесус де Мигельдің қайтыс болғаны белгілі болды.

Тэгтер:

Футбол матч