Астана маңындағы тас жолда пикап патрульдік көлікке соғылды

Бүгін, 21:33 / Жамбыл Жайлау
Anton Skripachev / Getty Images

Ақмола облысында JAC T9 маркалы пикап патрульдік полиция көлігімен соқтығысты. Жол апатынан полиция қызметкері зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға 3 қараша күні Астана – Петропавл тасжолында болған.

Ақмола облыстық Полиция департаментінің алдын ала мәліметінше, JAC T9 жүргізушісі белгіленген жылдамдық режимі мен қауіпсіз арақашықтықты сақтамаған болуы мүмкін. Салдарынан пикап арнайы жол техникасын алып жүру кезінде қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келе жатқан патрульдік полицияның қызметтік көлігімен соқтығысқан.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан патрульдік көліктегі полиция қызметкері зардап шеккен. Ол медициналық мекемеге жеткізілген. Қазіргі жағдайы мен алған жарақатының ауырлығы туралы қосымша ақпарат жарияланған жоқ.

"Жол апаты салдарынан полиция қызметкері медициналық мекемеге жеткізілді. Патрульдік көліктің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалды", – деп хабарлады Ақмола облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тәртіп сақшылары жол апатының нақты себептерін, жүргізушілердің әрекеттерін және оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда.

Тэгтер:

Астана Жол апаты