Алматы орталығындағы жеке тұрғын үйден өрт шықты

Бүгін, 21:01 / Жамбыл Жайлау
ТЖМ

Алматының Бостандық ауданында жеке тұрғын үй аумағынан өрт шықты. Жалын алдымен шаруашылық құрылысты шарпып, кейін тұрғын үйге тараған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға 3 қараша күні Алматы қаласының Қаратаев көшесінде болған.

ТЖМ мәліметінше, өрт туралы хабар түскеннен кейін оқиға орнына Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру бөлімшелері жіберілген.

Алдын ала ақпарат бойынша, жалын жеке үйдің ауласындағы шаруашылық құрылыстан басталған. Кейін өрт жақын орналасқан тұрғын үйге ауысқан. Өрт сөндірушілер жалынның одан әрі таралуына жол бермеу үшін арнайы техника мен су оқпандарын пайдаланған. Сондай-ақ автоцистерналар өрт гидранттарына қосылып, судың үздіксіз берілуі қамтамасыз етілген.

Министрліктің мәліметінше, өртті сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оқиға орнындағы жағдай құтқарушылардың бақылауында. Әзірге өрттің нақты неден шыққаны, қанша аумақты шарпығаны және келтірілген материалдық шығын көлемі туралы мәлімет жарияланған жоқ.

Тэгтер:

Алматы өрт