Достары тауда жалғыз қалдырып кеткен 20 жастағы жігіт жайсыз жайтқа тап болды

Бүгін, 20:38 / Жамбыл Жайлау
instagram.com/bergrettungsalzburg

Австрия Альпісінде Германиядан келген 20 жастағы турист қиын жағдайда қалды. Қатты шаршап, суықтан әрі қарай жүре алмаған жігітті екі серігі тауда қалдырып, өз жолдарын жалғастырған. Амалы таусылған альпинист құтқарушыларға хабарласуға мәжбүр болды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға 31 қазанда Австрияның Зальцбург аймағындағы Хохкёниг тау массивінде болған.

Мюльбах тау-құтқару қызметінің мәліметінше, Германиядан келген үш жас альпинист күрделі «Кёнигсйодлер» бағытымен тауға көтерілуді жоспарлаған. Олар ауа райының қолайсыз болатыны туралы болжамға және басқа альпинистің ескертуіне қарамастан, сапарға шыққан.

Тауға көтерілу кезінде үш жігіттің бірі әбден шаршап, суықтан қалжыраған. Ол шамамен 2600 метр биіктікте қозғалысын жалғастыра алмай қалған. Алайда екі серігі тоқтамай, тауға көтерілуін жалғастырған.

Жалғыз қалған 20 жастағы турист жергілікті уақыт бойынша сағат 19:00 шамасында тау-құтқару қызметіне хабарласып, көмек сұраған. Осы уақытта оның екі серігі 2941 метр биіктікте орналасқан Матрахаус тау панасына қарай бет алған.

"Кёнигсйодлер" – Шығыс Альпідегі ең күрделі әрі ұзақ таулы бағыттардың бірі. Мұнда альпинистер жартастарға бекітілген металл арқандар мен арнайы қапсырмалардың көмегімен қозғалады.

Мұндай бағыттарда ауа райының кенет өзгеруі, қатты жел, қар және төмен температура туристерге айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін. Австриялық құтқарушылардың мәліметінше, үш альпинистің ауа райына қатысты ескертулерге қарамастан жолға шығуы жағдайды қиындатқан.

Тэгтер:

тау Австрия