Ақтөбедегі Неке сарайында 26 жастағы келіншек пышақ жарақатынан көз жұмды. Қылмысқа оның бұрынғы күйеуі күдікті деп танылды, деп хабарлайды turkystan.kz «Выход к правде» Telegram арнасына сілтеме жасап.
Куәгерлердің айтуынша, қайғылы жағдайдың алдында марқұм мен оның бұрынғы күйеуі арасында жанжал туындаған. Алдын ала болжам бойынша, жанжалға әйелдің басқа азаматпен қарым-қатынас құруы себеп болуы мүмкін. Балалары бар әйел Неке сарайына жаңа сүйіктісімен бірге келгені айтылады.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында қылмысқа күдіктіні анықтап, ұстады.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктіні ізін суытпай анықтап, ұстады. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады Ақтөбе облыстық полиция департаменті.
Аталған дерек бойынша адам өлтіру фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Неке сарайының өкілдері оқиғаға қатысты түсініктеме беруден бас тартқан.