Ұлттық ұлан сарбаздары 13 телефонды абақтыға алып кірмек болғандарды ұстады

Бүгін, 17:27 / Алуа Арман
Ұлттық ұлан

Ұлттық ұланның әскери қызметкерлері Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №51 мекеме қызметкерлерімен бірлесіп, азық-түлік жеткізуге келген жүк көлігін тексеру кезінде алып өтуге тыйым салынған заттарды анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Солтүстік Қазақстан облысы Саумалкөл ауылындағы №51 мекеменің көліктік бақылау-өткізу пунктінде жеке күзет ротасының 3-ші жеке атқыштар батальонының тексеру тобы күдік тудырған жүкті тапты.

Азық-түлік жеткізуге келген ГАЗ-53 жүк көлігін тексеру барысында әскери қызметшілер жедел ақпаратқа сүйенді. Тексеру кезінде тауық еті салынған жәшіктердің астына жасырылған 13 ұялы телефон мен олардың қуаттағыштары табылды.

Барлық мән-жайын анықтап, тиісті процестік шаралар қабылдау үшін оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақырылды.

Құқықтық тәртіп әскерлерінің әскери қызметшілері мен қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің қырағылығының арқасында бақылау-өткізу пунктінде тыйым салынған заттарды мекеме аумағына алып өту әрекетінің жолы кесілді.

Тэгтер:

телефон Ұлттық ұлан сарбаз әскери қызмет абақты