Ақмола облысында жол жөндеуге бөлінген 78 млн теңге жымқырылған

Бүгін, 15:34 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Ақмола облысы Бұланды ауданының прокуратурасы Бұланды ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бұрынғы басшысына және мердігер ұйымның басшыларына қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, деп хабарлайды turkystan.kz.

2023 жылы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі пен мердігер арасында Никольское ауылындағы ауылішілік жолдарды орташа жөндеуге ұзындығы 5,4 км 167,8 млн теңге сомасына шарт жасалғаны анықталды.

Шарт мерзімі 2024 жылғы желтоқсанда аяқталып, 103 млн теңге бюджеттік қаражат жұмсалған. Тексеру нәтижесінде 78 млн теңгеге жұмыстардың орындалмағаны және бұл қаражат жолдарды жөндеуден басқа мақсаттарда жұмсалғаны анықталды.

Қылмыстық іс Ақмола облысының арнайы прокурорларының өндірісіне тапсырылды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.