Бүгін Алматы облысы Іле ауданына қарасты Өтеген батыр ауылында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіруге арналған кездесу өтті. Жиында ел дамуының стратегиялық бағыттары, экономикалық өсім, әлеуметтік саясат және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мәселелері сөз болды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Аталған кездесуге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев, Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжан мен білім беру және әлеуметтік қорғау салаларының өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері, жастар жергілікті атқарушы билік өкілдері қатысты.
Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжан жаңа Жолдаудың саяси реформалардан кейінгі кезеңде жариялануы оның маңызын арттыра түсетінін атап өтті. Оның айтуынша, құжатта энергетикадан бастап әлеуметтік салаға дейінгі маңызды бағыттар қамтылып, алдағы жұмысқа нақты бағдар белгіленген.
«Бүгін бес кездесу жоспарланған. Біздің негізгі мақсатымыз – Мемлекет басшысының Жолдауын халыққа кеңінен түсіндіру, онда белгіленген міндеттер мен басым бағыттарды ел арасында талқылау.
Мемлекет басшысының халыққа биыл жолдаған Жолдауының орны ерекше. Себебі бұл – конституциялық және саяси реформалардан кейін, жаңа Құрылтай қалыптасқан кезеңде жарияланған Жолдау. Сондықтан оның саяси да, стратегиялық та маңызы айрықша. Жолдауда ел өмірінің барлық маңызды салалары қамтылған. Атап айтқанда, энергетика секторын дамыту, ауыл шаруашылығын қолдау, әлеуметтік саланы жетілдіру, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін дамыту, шалғай ауылдардағы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту және кәсіпкерлікті қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылған. Сонымен қатар Құрылтай алдына қойылған заңнамалық міндеттер, Алматы облысындағы Алатау қаласының зор экономикалық әлеуетін іске асыруға бағытталған заңнамалық шешімдер де кеңінен қозғалды. Мемлекет басшысы осы бағыттардың барлығы бойынша нақты міндеттер жүктеді. Біздің міндетіміз – Жолдауда айтылған бастамалар мен тапсырмалардың мән-маңызын халыққа жеткізіп, олардың жүзеге асырылуына атсалысу. Осы мақсатта бүгін тиісті жұмыстарымызды жүргізіп, ел азаматтарымен кездесіп, Жолдаудың негізгі бағыттарын түсіндірудеміз», – дейді Жанарбек Әшімжан.
Депутаттың пайымынша, Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттер өңірлердегі қордаланған әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
«Іле ауданы Алматы қаласының іргесінде орналасқандықтан, тұрғындарды толғандыратын негізгі мәселелердің бірі – үш ауысымды мектептердің санын азайту. Қазір Іле ауданының Өтеген батыр кентінде үш мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жалпы, келесі жылға дейін «Келешек мектептері» жобасы аясында ауданда бес мектеп салу жоспарланған. Соның ішінде құрылысы жүріп жатқан үш мектеп пайдалануға берілсе, оқушылардың үш ауысымда білім алу мәселесі шешімін табады. Кездесуде осыған қатысты бірқатар сұрақ қойылды.
Сонымен қатар әлеуметтік жәрдемақыларға қатысты мәселелер де көтерілді. Халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің пилоттық жобасына байланысты сауалдар болды. Біз бұл мәселелерді талқылап, тұрғындарға барынша түсінікті етіп жеткізуге тырысып жатырмыз. Халық жалған, фейк ақпараттарға сенбей, өздерін толғандырған сұрақтарға мемлекеттік органдар мен ресми тұлғалардың мәліметтері арқылы жауап алса деген үмітіміз бар.
Жалпы, Мемлекет басшысының Жолдауын халықтың үлкен сеніммен қабылдап жатқанын айқын сезінуге болады. Себебі бұл Жолдауда нақты қаржысы қарастырылған, бұған дейін қоғамда қордаланған әрі жан-жақты зерттеліп, зерделенген мәселелер қамтылған. Сондықтан алдағы уақытта олардың толыққанды шешімін табатынына сенім білдіруге болады», – дейді Құрылтай депутаты.
Жанарбек Әшімжанның айтуынша, өңір тұрғындары Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген «Халықтық құрылыс» бастамасына ерекше қызығушылық танытып отыр.
«Бұл Жолдаудың маңызды бағыты – «Халықтық құрылыс» бағдарламасы. Мемлекет басшысы келесі жылдан бастап «Халықтық құрылыс» құрылыс алаңына айналуы керектігін айтты. Халық осы бастамаға қатты қызығушылық танытып отыр.
Бұл жобаны іске асыру үшін Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың қатаң қадағалатынын айтып бердік. Бұл қаражат тек ел халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталғанын, ешқандай талан-таражға түспеуі қажеттігін, Президентіміздің бастамасымен, оны қадағалайтын тиісті мемлекеттік комиссия құрылатынын түсіндірдік. Одан бөлек, Жолдауда айтылғандай, биыл жылдың соңына дейін және 2027 жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік жобаларды іске қосуға 1,5 трлн теңге бөлінетінін де халыққа жеткізіп жатырмыз.
Халық ауыз су, жол, газдандыру жүйесіне, білім беру мен денсаулық сақтау салаларына, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған инклюзивті орта қалыптастыру мәселелеріне қатысты көп сауал қойды. Мемлекет басшысы бұл мәселелерді өз Жолдауында баса айтты. Алдағы кезеңде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталықтары көптеп салынбақ.
Жалпы, Жолдауға қатысты елдің сенімі жоғары. Тұрғындар онда көтерілген бастамалар мен міндеттердің жүзеге асуына үлкен үміт артып отыр. Ең бастысы, ел ішінде Жолдауда айтылған мәселелердің шешімін табатынына деген сенім мен түсінік қалыптасқан», – дейді Ж.Әшімжан.
Кездесу ашық диалог форматында жалғасты. Жиналғандар Жолдауда қамтылған бастамаларға қатысты пікірлерін білдіріп, өздерін қызықтырған мәселелер бойынша сұрақтар қойды. Ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері көтерілген сауалдарға жауап беріп, мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары жөнінде түсініктеме берді.
Жиын қорытындысында Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерді тиімді жүзеге асыру мемлекеттік органдар мен қоғамның бірлескен жұмысына негізделетіні атап өтілді.