Ақтөбеде әйелін балағаттаған тұрғын 40 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылды

Бүгін, 14:05 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

Ақтөбеде жұбайының тыныштығын бұзып, отбасында жанжал шығарған 45 жастағы ер адам 40 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Айта кетейік, 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда әкімшілік жазаның жаңа түрі – қоғамдық жұмыс енгізілді. Қазір бұл жаза Ақтөбе облысында да кеңінен қолданыла бастады. Жуырда Ақтөбе қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жергілікті тұрғынға қатысты іс қаралды.

Сотта анықталғандай, ер адам бұған дейін де осындай құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Алайда ол өзіне тиісті қорытынды шығармаған. Бұл жолы да алкогольдік масаң күйде жұбайына балағат сөздер айтып, отбасының тыныштығын бұзған.

Істі қараған сот ер адамды ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған 40 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындады.

Жаңа жаза түрінің мақсаты – құқық бұзушыларды жауапкершілікке тарту ғана емес, сонымен қатар олардың қоғамдық тәртіпті сақтауға және айналасындағыларға құрметпен қарауға деген жауапкершілігін арттыру.

Жыл басынан бері Ақтөбе облысында сот шешімімен 215 адам қоғамдық жұмысқа тартылды. Олардың 203-і – ер адам, 12-сі – әйел.

Қоғамдық жұмыс дегеніміз - бұл арнайы біліктілікті қажет етпейтін, қоғамға пайдалы жұмыстарды ақысыз орындау. Мұндай жұмыстар әкімшілік жауапкершілікке тартылған азаматтың тұрғылықты жері бойынша қоғамдық орындарда ұйымдастырылады.