Құрылтай депутаттары Асхат Рахимжанов пен Шолпан Каринова Ақмола облысына жұмыс сапары аясында еңбек және педагогикалық ұжым өкілдерімен, сондай-ақ Көкшетау, Зеренді ауданы мен Қосшы қаласының тұрғындарымен кездесті. Кездесулер барысында Мемлекет басшысының Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіріп, өңірді дамытудың өзекті мәселелерін талқылады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Кездесулер барысында олар Мемлекет Басшысының Жолдауының негізгі ережелерін түсіндіріп, өңірді дамытудың өзекті мәселелерін талқылады.
Көкшетауда Құрылтай депутаты Асхат Рахымжанов Ш.Уәлиханов атындағы университеттің оқытушыларымен және студенттерімен, сонымен қатар «Тыныс», «Новопэк» кәсіпорындарының қызметкерлерімен кездесті. Зерендіде аудандық өнер мектебінің ұжымымен және Мәлік Ғабдуллин атындағы мектеп-гимназиясының педагогтарімен жүздесті.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіруге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтары, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жаңғырту, халықтың әл-ауқатын арттыру, еңбек нарығын дамыту және тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ депутат 2027 жылды Халықтық үлкен құрылыс жылы деп жариялаудың маңыздылығына және өңірлердің қажеттіліктерін ескере отырып, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселелеріне тоқталды.
–2027 жылды Халықтық үлкен құрылыс жылы деп жариялау – еліміздің барлық дерлік өңірін қамтитын және азаматтардың өмір сүру сапасымен тікелей байланысты ауқымды бастама. Бұл Ақмола облысы үшін де ерекше практикалық маңызға ие. Әр ауданның өзіндік инфрақұрылымдық қажеттіліктері бар. Сондықтан құрылыс жоспарларын қалыптастыру кезінде тұрғындардың нақты сұраныстары ескерілуі қажет. Сонымен қатар жаңа нысандар салумен ғана шектелмей, құрылыс сапасына, жобаларды іске асыру мерзімдеріне және инфрақұрылымды одан әрі күтіп-ұстау мәселелеріне де баса мән беру маңызды, – деп атап өтті Асхат Рахымжанов.
Құрылтай депутаты Шолпан Каринова Қосшы қаласындағы мектеп-гимназияда, емханада және қоғамдық мәдени-спорт кешенін аралады. Педагогтермен, медицина қызметкерлерімен және тұрғындармен кездесулер кезінде білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік саясат және экономикалық даму мәселелері қозғалды.
Шолпан Каринова мұндай кездесулердің басты мақсаты Жолдаудың негізгі бағыттарын түсіндірумен қатар, халықтың пікірін тыңдап, ұсыныстарын ескеру екенін атап өтті.
– Бүгінгі кездесу Жолдаудың негізгі бағыттарын түсіндірумен ғана шектелмейді. Оның басты мақсаты – азаматтардың пікірін тыңдау және қоғаммен ашық диалог орнату. Өйткені кез келген бастаманың табысты жүзеге асуы – ортақ жауапкершілік пен бірліктің нәтижесі, – деді депутат.
Жұмыс кездесулері депутаттарға өңір тұрғындарын толғандырған өзекті мәселелермен тікелей танысуға, түрлі сала өкілдерінің ұсыныстарын тыңдауға және мемлекеттік бастамаларды одан әрі іске асыру жолдарын талқылауға мүмкіндік берді.