Энергетикалық сусын жастардың жүрегі тоқтап қалуына себеп болуы мүмкін – АҚШ ғалымдары

Бүгін, 18:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Энергетикалық сусындар мен сергітетін қоспаларды ішу жүрек аурулары, соның ішінде инфаркт пен жүректің тоқтап қалуы қаупін тудыруы мүмкін. АҚШ ғалымдары мұндай оқиғалар әсіресе 18-34 жас аралығындағы адамдар арасында жиі тіркелетінін анықтады. Зерттеу нәтижелері 6-9 қарашада Чикагода өтетін Америка жүрек қауымдастығының ғылыми конференциясында таныстырылады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ғалымдар АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасының (FDA) дерекқорындағы 2017–2025 жылдар аралығында тіркелген 28 345 жағымсыз әсер туралы хабарламаны талдаған. Оның 854-і құрамында кофеин немесе басқа да сергіткіш заттар бар энергетикалық сусындар мен тағамдық қоспаларға қатысты болған.

Талдау нәтижесінде мұндай өнімдерге байланысты хабарламаларда жүрек тоқтауы кофеинсіз өнімдермен салыстырғанда шамамен 11 есе, инфаркт 4,5 есе, ал жүрек ырғағының бұзылуы мен жүрек қағуы 4 есе жиі аталған. Сондай-ақ жүрек соғысының жиілеуі үш есеге жуық, кеуде тұсының ауыруы 2,7 есе, ал естен тану екі есе жиі тіркелген.

Зерттеушілерді әсіресе жастарға қатысты көрсеткіш алаңдатқан. Кофеин мен басқа да сергіткіш заттары бар өнімдерге байланысты жүрек-қан тамырлары асқынулары жөніндегі хабарламалардың шамамен 45%-ы 18–34 жас аралығындағы адамдарға тиесілі.

Мамандардың айтуынша, кейбір энергетикалық сусындардың бірдей көлемінде кәдімгі кофеге қарағанда үш есе көп кофеин болуы мүмкін. Ал жаттығу алдында қабылданатын жекелеген қоспаларда оның мөлшері 12 еседен де асады.

«Бұл өнімдер күнделікті сергітетін сусын ретінде жарнамаланып, кәдімгі газдалған сусындармен қатар сатылады. Сондықтан көпшілік оларды қауіпсіз деп қабылдайды», – дейді зерттеу авторы, Вирджиния университетінің медицина мектебінің өкілі Сай Самаямантхула.

Оның айтуынша, энергетикалық сусындарды сирек тұтынатын дені сау адамдар үшін қауіп салыстырмалы түрде төмен болуы мүмкін. Алайда оларды үнемі ішетіндер кофеиннің ұсынылатын тәуліктік шегінен оңай асып кетеді.

Америка жүрек қауымдастығының мәліметінше, дені сау ересектердің көпшілігі үшін тәулігіне 400 миллиграмға дейін кофеин тұтыну әдетте қауіпсіз саналады. Бұл шамамен үш-бес кесе қара кофеге тең. Дегенмен кофеинге сезімталдық әр адамда әртүрлі.

Ғалымдар зерттеу энергетикалық сусындардың инфаркт немесе жүрек тоқтауына тікелей себеп болатынын дәлелдемейтінін ескертеді. Өйткені талдау адамдардың өз еркімен хабарлаған жағдайларына негізделген. Сонымен қатар зерттеу нәтижелері әзірге алдын ала жарияланған және тәуелсіз ғылыми сараптамадан өтпеген.

Мамандар энергетикалық сусындар мен сергіткіш қоспалардың қауіпсіздігін мұқият бақылап, әсіресе жастардың оларды тұтыну әдетіне назар аудару қажет деп есептейді.

Тэгтер:

энергетикалық сусын жастар жүрек