Алматыда жалға алған пәтеріне жағымсыз пікір жазған отбасы қоқан-лоқыға тап болды

2 қараша, 2026 / Жамбыл Жайлау

Алматыда жалға алған пәтерінің жағдайына көңілі толмай, интернетте жағымсыз пікір қалдырған отбасы қоқан-лоқыға тап болды. Оларға тіл тигізіп, қорқытқан 31 жастағы ер адам сот шешімімен 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Полиция мәліметінше, Павлодардан келген отбасы баласын медициналық тексеруден өткізу үшін Алматы қаласына барған.

Олар қалада уақытша тұру мақсатында пәтер жалдаған. Алайда баспананың нақты жағдайы интернеттегі хабарландыруда көрсетілген сипаттамаға сәйкес келмеген. Осыдан кейін отбасы жалға алған пәтері туралы жағымсыз пікір қалдырған.

Отбасының жазбасынан кейін оларға белгісіз ер адам хабарласқан. Полицияның мәліметінше, ол жалға алынған пәтер туралы жазылған жағымсыз пікірді алып тастауды талап еткен. Кейін әңгіме балағат сөздер мен қорқытуға ұласқан. Отбасы болған жағдайға байланысты құқық қорғау органдарына жүгінген.

Алматы қаласының Алмалы аудандық полиция басқармасының қызметкерлері оқиғаға қатысы бар 31 жастағы азаматты анықтаған. Оған қатысты жиналған материалдар сотқа жолданды.

«Сот шешімімен ол ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды», – деп хабарлады полиция.