Ақтауда жүк көлігінің жүргізушісі тепловозға жол бермей, апатқа ұшырады

2 қараша, 2026 / Жамбыл Жайлау
t.me/railways_kz

Ақтауда теміржол өткелінде МАЗ жүк көлігі мен тепловоз соқтығысты. Салдарынан локомотивке айтарлықтай зақым келген. Абырой болғанда, оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жол-көлік оқиғасы 2 қараша күні сағат 16:55 шамасында Ақтау теңіз портына апаратын кірме теміржолдағы күзетілмейтін және реттелмейтін өткелде болған.

"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының алдын ала мәліметінше, МАЗ жүк көлігінің жүргізушісі теміржол өткелінен өту кезінде тепловозға жол бермеген. Бұл уақытта локомотив сағатына шамамен 5 шақырым жылдамдықпен қозғалып келе жатқан.

ҚТЖ мәліметінше, соқтығыс салдарынан локомотивтің техникалық бөліктері қатты зақымданған.

"2 қараша күні сағат 16:55-те Ақтау теңіз портының кірме жолындағы күзетілмейтін, реттелмейтін теміржол өткелінде МАЗ жүк көлігінің жүргізушісі сағатына шамамен 5 шақырым жылдамдықпен жеке қозғалып келе жатқан тепловозға жол бермеген. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Соқтығыс салдарынан тепловоз елеулі техникалық зақым алды", – делінген компания хабарламасында.

Оқиға туралы Маңғыстау станциясындағы желілік полиция бөліміне ақпарат берілген.

Алдын ала болжам бойынша, жол апатына жүк көлігі жүргізушісінің жол қозғалысы ережелерін сақтамауы себеп болған.

Тэгтер:

Жол апаты Ақтау