Жамбыл облысында жасөспірім соққыға жығылып, ауруханаға түсті

Бүгін, 21:08 / Жамбыл Жайлау
sudok1/Getty Images

Жамбыл облысында екі жасөспірімнің арасындағы жанжалдан кейін олардың бірі ауруханаға жеткізілді. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, жанжалға қатысушылар полицияға жеткізілген. Құқық қорғау органдары ауылда жасөспірімдерден ақша бопсалау деректері болуы мүмкін деген ақпаратты да тексеріп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға 31 қазан күні кешке Жамбыл ауданына қарасты Бірлесу-Еңбек ауылында болған.

Telegram желісіндегі Halyqstan арнасының мәліметінше, жасөспірімдердің бірі қатарластарымен кездесуге кешіккені үшін соққыға жығылған болуы мүмкін. Зардап шеккен баланың туыстары ауылда жасөспірімдер арасында бейресми тәртіп қалыптасқанын айтып отыр.

Туыстарының айтуынша, ауылдағы ересектеу жасөспірімдер өздерінен кішілерге түрлі тапсырма беріп, ақша жинауды талап етуі мүмкін. Олардың мәлімдеуінше, талапты орындамаған немесе кездесуге кешіккен балалар жазаланған. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ. Құқық қорғау органдары аталған жайттарды тексеріп жатыр.

Жамбыл облыстық полиция департаменті жасөспірімдер арасындағы жанжалға қатысты тергеу басталғанын растады. Ведомствоның алдын ала мәліметінше, оқиға бұрыннан таныс екі кәмелетке толмаған баланың арасында болған.

"Алдын ала анықталғандай, бір-бірін бұрыннан танитын екі кәмелетке толмаған жасөспірім арасында жанжал шыққан. Зардап шегуші ауруханаға жатқызылды. Оқиғаға қатысушылардың барлығы ұсталып, полицияға жеткізілді. Тергеу жалғасып жатыр", – деп хабарлады полиция департаменті.

Сонымен қатар тәртіп сақшылары жасөспірімдерден ақша бопсалау туралы тараған ақпараттың қаншалықты рас екенін анықтауға кіріскен.

Тэгтер:

Жамбыл облысы