"Енді өлемін деп ойлаған": Алматы тауларында екі тәулік бойы жоғалған жасөспірімнің анасы ел алдына шықты

Бүгін, 20:02 / Жамбыл Жайлау
t.me/KZgovernment

Алматы тауларында екі тәулік бойы аязда қалып, құтқарушылардың көмегімен аман табылған 16 жастағы жасөспірімнің анасы оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Оның сөзінше, ұлы достарымен тауға шыққанымен, кейін Сәтбаев шыңын жалғыз бағындыруға шешім қабылдаған. Қазір жасөспірім ауруханада ем қабылдап жатыр, деп turkystan.kz тілшісі Stan.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Анасының айтуынша, баласы тауға шығуды бұрыннан жақсы көреді. Ол айына кемінде екі рет тауға көтеріліп, Сәтбаев шыңын бағындыруға бірнеше мәрте талпынған. Алайда бұған дейін мақсатына жете алмаған. Бұл жолы жасөспірім достарымен бірге жолға шыққан. Бірақ жолдастарының бірі аяғы ауырып, екіншісінің жүрегі айнығандықтан, кері қайтуды ұйғарған. Ал 16 жастағы бала сапарын жалғыз жалғастырған.

Анасының сөзінше, ұлы Сәтбаев шыңына жеткен соң ата-анасына бейнежазба жолдап, мақсатына жеткенін хабарлаған. Тіпті бағындырған шыңын әкесіне арнағанын айтқан. Жасөспірім биікте біраз демалып, кейін төмен түсетін басқа туристермен бірге қайтуды жоспарлаған. Алайда жолдан адасып, кері түсе алмай қалған. Ол ата-анасынан кешкі сағат 20:00 шамасында Үлкен Алматы көлінің маңынан күтіп алуды сұраған.

"Біз кешкі сегіз-тоғыздар шамасында бардық. Әне түсіп қалар, міне түсіп қалар деп күтіп отырдық. Жарық көрінсе, баламыз келе жатыр ма деп қараймыз. Сағат түнгі 23:00 мен 00:00-ге дейін күттік. Бірақ түспеген соң, алаңдай бастадық", – дейді анасы.

Осыдан кейін отбасы төтенше жағдайлар қызметіне және полицияға хабарласқан.

Жасөспірімді іздеуге құтқарушылармен қатар оның ата-анасы мен ағасы да қатысқан. Анасының айтуынша, олар таңғы сағат 04:00 шамасында тауға көтеріліп, бірнеше сағат бойы баласын іздеген.

"Біз үшеуміз – мен, әкесі және үлкен ұлымыз – таңғы сағат төртте тауға көтерілдік. Шамамен 3500 метрге дейін бардық. Сағат онға дейін жаяу жүрдік. Одан әрі менің шамам келмей қалды. Ал әкесі жоғары қарай іздеуді жалғастырды", – деп еске алды ол.

Ал жасөспірімнің ағасы әлеуметтік желідегі жазбасында іздеу кезінде 3600 метр биіктікте, шамамен −15 градус аязда 13 сағаттан астам уақыт болғанын жеткізген. Оның сөзінше, інісі 4200 метрге жуық биіктікте, −20 градусқа дейінгі суықта қалған. Ең таңғаларлығы, жасөспірім мұндай биікке арнайы альпинистік аяқкиімсіз, кәдімгі кроссовкамен көтерілген.

Анасының айтуынша, баласы тауда қалған кезде қатты тоңып, әбден әлсіреген. Оның жанында шатыр болмаған. Жасөспірім суықтан қорғану үшін үстіндегі күртесін жамылып жатқан.

"Ол қатты тоңып қалған. Палаткасы болмаған, тек күртесін жамылып жатқан. Тікұшақ келіп, қасына келіп қайта ұшып кеткенін айтыпты. Өзі қатты қорқып, енді өлетін шығармын деп ойлаған екен", – дейді анасы.

Жақындарының айтуынша, бала іздеу жұмыстары кезінде аспанда тікұшақты бірнеше рет көрген. Алайда сол сәтте құтқарушылар оның жанына қона алмаған.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жасөспірім Сәтбаев шыңының солтүстік беткейінен табылған. Іздеу-құтқару жұмыстарына 114 адам жұмылдырылған. Операцияға "Қазавиақұтқару" әуе кемесі де қатысқан.

Құтқарушылар баланың орналасқан жерін дронның көмегімен анықтап, оны қауіпсіз жерге жеткізген. Дәрігерлер жасөспірімге алдын ала тау ауруы және жеңіл дәрежедегі гипотермия диагнозын қойған. Анасының айтуынша, баласының аяқ-қолы бірінші дәрежелі үсік шалған. Қазір оның жағдайы тұрақталып, тамақ іше бастаған. Дәрігерлер жасөспірімді жеті күн бойы бақылауда ұстайтынын жеткізген.

Жасөспірімнің анасы сол күндері бастан өткерген қорқынышын әлі ұмыта алмайтынын айтты.

Ол баласының аман табылатынына сенгісі келгенімен, биіктегі аяз бен қауіпті жағдайдан қатты алаңдаған.

"Адамдар біреудің баласы жоғалып кетсе, сырттай аяп, „ойбай“ деп жатамыз ғой. Бірақ дәл сондай жағдай өз басыңа түскенде ғана оның қандай ауыр екенін түсінеді екенсің. Сол түні балам аман табылмаса, енді не үшін өмір сүремін деп ойладым. Ешбір ананы баламен сынамасын дегім келеді", – деді ол.

Анасы баласын іздеуге қатысқан құтқарушыларға, еріктілерге және қолдау көрсеткен барлық азаматқа алғыс білдірді. Оның сөзінше, ұлы болған оқиғадан кейін қатты күйзелген және әзірге тауға қайта шыққысы келмейді.

Тэгтер:

Алматы тау