Жерорта теңізі аймағының климаты біртіндеп тропикалық сипат ала бастады. Ғалымдар ауа мен су температурасының көтерілуі, жаздың ұзаруы және жауын-шашынның тұрақсыздануы сияқты өзгерістерді тіркеп отыр. Бұл туралы The Conversation басылымы хабарлады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Барселона университетінің профессоры Хавьер Мартин-Виде Жерорта теңізі бассейнінде «тропикализация» деп аталатын үдерістің белгілері байқалып жатқанын айтады. Дегенмен Испанияның Пиреней түбегі мен Балеар аралдары әзірге тропикалық аймаққа жатпайды. Ол үшін жылдың ең суық айындағы орташа температура кемінде 18°C болуы керек.
Соңғы онжылдықтарда Жерорта теңізі аймағындағы ауа температурасы әлемдік орташа көрсеткіштен жылдамырақ көтеріліп келеді. Соның салдарынан қыс қысқарып, жаз ұзарып жатыр. Көктем ертерек басталып, күз кешірек түсетін болған.
Теңіз суы да айтарлықтай жылынған. Мәселен, соңғы жылдары Майорка аралының оңтүстігінде су температурасы кей күндері 30°C-тан асқан. Бұл Кариб теңізі мен Мексика шығанағындағы көрсеткіштерге тең, тіпті кейде одан да жоғары.
Ғалымдардың айтуынша, теңіз суының жылынуы күшті дауылдардың қалыптасуына қолайлы жағдай туғызуы мүмкін. Су бетінің температурасы 26,5°C-қа жеткенде атмосферадағы қарқынды конвекциялық үдерістерге қажетті жағдайлардың бірі пайда болады. Мұндай құбылыстар нөсер жауын мен күшті дауылға ұласуы ықтимал.
Жерорта теңізінде тропикалық циклондарға ұқсайтын ерекше дауылдар да кездеседі. Оларды «медикандар» немесе «Жерорта теңізінің шағын дауылдары» деп атайды. Олар күшті желмен, нөсер жауынмен және спутниктен байқалатын шиыршық тәрізді бұлттарымен ерекшеленеді. Кейбірінің ортасында тропикалық дауылдарға тән «көз» де қалыптасады.
Алайда ғалымдар мұндай дауылдардың соңғы жылдары шынымен жиілегенін әзірге нақты айта алмайды. Өйткені оларды тіркеу мен жіктеу әдістері уақыт өте өзгеріп отырған.
Тағы бір алаңдатарлық өзгеріс – жауын-шашынның тұрақсыздығы. Аймақта ұзаққа созылған құрғақшылық кенеттен нөсер жауынмен алмасуы мүмкін. Бұл су тасқыны қаупін арттырып, ауа райын болжауды қиындатады.
Зерттеушілердің пікірінше, әсіресе 2022 жылдан кейін жаһандық температураның күрт көтерілуі Жерорта теңізіндегі ауа райы құбылыстарын болжауды күрделендірген. Сондықтан метеорологиялық қызметтер теңізде жиналған жылу энергиясын ескеріп, болжам жасау әдістерін жетілдіруі қажет.
Ғалымдар Жерорта теңізі толықтай тропикалық климатқа көшті деп айтуға әлі ерте екенін ескертеді. Дегенмен қазіргі өзгерістер аймақтың климаттық ерекшеліктері біртіндеп өзгеріп жатқанын көрсетеді.