Суық ауа райы ұзақ өмір сүруге көмектесуі мүмкін – ғалымдар

Бүгін, 19:15 / Ербұлан Қайрат

Суық температура ағзаның қартаюын баяулатып, өмір сүру ұзақтығын арттыруы мүмкін. Германиядағы Кёльн университетінің ғалымдары суықтың жасушаларды жасқа байланысты өзгерістерден қорғайтын механизмін анықтады. Зерттеу нәтижелері Nature ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ғалымдар қартаю үдерісін зерттеуде жиі қолданылатын Caenorhabditis elegans деп аталатын жұмыр құрттарға тәжірибе жүргізген. Бұған дейін қалыпты деңгейдегі салқын температураның бұл ағзалардың өмірін ұзартатыны белгілі болған. Алайда оның нақты себебі толық түсіндірілмеген еді.

Зерттеу барысында температура төмендеген кезде бұлшықет тіндерінде дигидробиоптерин (BH2) деп аталатын заттың көбірек өндірілетіні анықталған. Ол кейін басқа тіндерге таралып, жасушалардағы ақуыздардың дұрыс жұмыс істеуіне көмектесетін биохимиялық үдерістерге қатысады.

Жас ұлғайған сайын ағзаның зақымдалған ақуыздарды реттеу қабілеті әлсірейді. Соның салдарынан жасушаларда құрылымы бұзылған ақуыздар жиналуы мүмкін. Бұл құбылыс Хантингтон ауруы мен бүйірлік амиотрофиялық склероз сияқты жүйке жүйесінің ауруларымен байланысты.

Ғалымдар суықтың қорғаныш әсерін температураны төмендетпей-ақ қайталауға болатынын да байқаған. Ол үшін зерттеушілер BH2 мен тирозин аминқышқылын пайдаланған. Тәжірибелерде бұл заттар жұмыр құрттардың өмір сүру ұзақтығын арттырып, адам жасушаларының зертханалық үлгілерінде зиянды ақуыздардың жиналуын азайтқан. 

Зерттеу жетекшісі, профессор Давид Вильчес бұл жаңалықтың болашақта қартаюға байланысты ауруларды емдеудің жаңа тәсілдерін әзірлеуге мүмкіндік беретінін айтады. Ғалымдарды әсіресе суықтың пайдалы әсерін ағзаны салқындатпай-ақ қайталау мүмкіндігі қызықтырып отыр.

Дегенмен зерттеушілер суық адамның өмірін міндетті түрде ұзартады деген қорытынды жасауға әлі ерте екенін ескертеді. Тәжірибелер әзірге жұмыр құрттар мен зертханалық адам жасушаларында жүргізілген. Сондықтан суық душ қабылдау немесе төмен температурада ұзақ жүру адам өмірін ұзартады деп айтуға ғылыми негіз жеткіліксіз.

Ғалымдардың пікірінше, бұл жаңалық болашақта ағзаның қартаюын баяулатып, жасушаларды зақымданудан қорғайтын дәрілік препараттарды әзірлеуге жол ашуы мүмкін.