Мемлекет басшысы «Qarmet» акционерлік қоғамының ұжымымен кездесті

Бүгін, 17:53 / Інжу Әлихан
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Теміртауға жұмыс сапары барысында «Qarmet» акционерлік қоғамының ұжымымен және кәсіподақ мүшелерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мемлекет басшысы өз сөзінде облыстың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

– Кеншілер мекенін нағыз еңбек адамдарының киелі бесігі десек, артық болмайды. Қазір облыс экономикасы қарқынды дамып келе жатыр. Бұл, әрине, қуанышты жағдай. Әсіресе, аймақтағы шикізаттық емес өнім экспорты едәуір өскенін атап өту керек. Ауыр өнеркәсіп саласында жалпы құны 4,2 триллион теңге болатын өнім өндірілді. Бұл – шын мәнінде, зор жетістік. Еліміз бойынша да оң үрдіс жалғасуда. Осы жылдың соңына дейін Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің көлемі 398 миллиард долларға жетіп қалады. Бұл – Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткіш. Ал өңдеу өнеркәсібінің ел экономикасындағы үлесі 14 пайыздан асты. Мұның бәрі Қазақстан халқының табанды еңбегінің, ауқымды жұмысының жемісі екені сөзсіз. Осы орайда, әсіресе, облыстың өсіп-өркендеуіне Qarmet зауыты мол үлес қосып отырғанын атап өткім келеді. Қарағанды металлургия зауыты отандық металлургияның қара шаңырағы, тұтас аймақтың экономикалық тірегі саналады. Бұл ірі кәсіпорын еліміздің индустриялық әлеуетін арттыру ісінде ерекше рөл атқарады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.