Бүгін «Әділет» партиясының Орталық аппаратында партия жанындағы «Miras» республикалық кеңесінің отырысы өтті. Кеңес отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген ұлттық құндылықтарды дәріптеу, рухани-мәдени негіздерді нығайту және жаңа қоғамдық мәдениетті дамыту бағыттары талқыланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Ержан Жылқыбаев елдің дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен ғана өлшенбейтінін айтып, Жолдаудағы мәдени-рухани бастамаларға да тоқталды. Сондай-ақ өңірлердегі партия филиалдарының басшыларына Жолдауда айтылған және «Miras» кеңесінің жұмысы аясында қолға алынып жатқан жұмыстарға ерекше назар аударуды тапсырды.
«Бүгінде қоғамның ой-санасы, өзара құрмет пен азаматтық жауапкершілігі де аса маңызды. Біз жаңа қалалар салып, заманауи технологияларды енгізе аламыз. Бірақ сол өзгерістерге сай қоғамдық мәдениет қалыптастыра алмасақ көздеген нәтижеге қол жеткізе алмайтынымыз анық. Сондықтан экономика мен руханият қатар дамуы қажет. Бұл жерде зиялы қауымның рөлі айрықша. Зиялы қауым адамдардың көзқарасына әсер ететін, ұлттық бағыт-бағдар беретін рухани күш деп білеміз. Бүгінде ел болашағын білімді, озық ойлы, ұлттық құндылықтарды құрметтейтін, заман талабына бейім азаматтармен байланыстырамыз. Осылайша зияткер ұлт қалыптасады. Бұл жолда кітап оқу мәдениетін дамытуға, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге, тарихи мұраны сақтауға, отандық әдебиет пен өнерді қолдауға ерекше мән береміз. Әсіресе, ЖИ мен жаңа технологиялар дамыған заманда ұлттық мәдениетіміздің цифрлық кеңістігінде кеңінен танылғанды қалаймыз. Жастарымыздың әлемдік білім мен технологияны меңгеріп, ұлттық болмысты сақтай отырып өсуі – бәрімізге ортақ мұрат. «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында жаңа мәдениет қалыптастыру, ұлт болып ұйысу мақсатына басымдық берілген. Жаңа мәдениет әр адамның өзінен басталады. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыста зиялы қауымның ақыл-парасаты мен тәжірибесіне сүйенуіміз керек. Партия кез-келген орынды ұсынысқа, тың бастама мен сындарлы пікірге ашық. Біз тек жетістіктерді ғана айтып, бір-бірімізді мақтаумен шектелмеуіміз қажет. Қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық көтеріп, оларды шешудің жолдарын бірге іздегеніміз жөн. Кеңес мүшелерінің ұсыныстарын жинақтап, тиісті мемлекеттік органдарға жеткізуге, қажет жағдайда депутаттық корпус арқылы көтеруге дайынбыз. Ең бастысы айтылған ойлар мен ұсыныстар қағаз жүзінде қалмай, нақты нәтиже шығуға тиіс. Алдағы уақытта «Miras» кеңесінің қызметін өңірлерде де кеңінен дамытуды жоспарлап отырмыз. Атап айтсақ партияның өңірлік филиалдары жанынан «Miras» аймақтық кеңестері құрылды. Өйткені әр өңірдің өзіне тән ерекшелігі, рухани мұрасы және шешімін күткен мәселелері бар», – деді ол.
Құрылтай депутаты, «Miras» республикалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Жанарбек Әшімжанның пікірінше, Президент Жолдауында көтерілген бастамалар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, ұлттық руханият пен мәдениетті өркендетуге бағытталған. Осы ретте кеңес отырысында интеллектуалды ұлт қалыптастыру, кітап оқу мәдениетін дамыту, ұлттық құндылықтарды сақтау және өңірлердегі мәдени-әлеуметтік нысандардың сапалы салынуын бақылау мәселелеріне басымдық берілді. Сонымен қатар ұсыныстарды тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, іске асыру жолдары қарастырылды.
«Президенттің жақында халыққа жолдаған Жолдауы Құрылтай құрылып, депутаттар сайланғаннан кейін, яғни еліміз үшін маңызды қоғамдық-саяси кезеңде жарияланғандығымен ерекшеленді. Мемлекет басшысы бұл Жолдауда барлық саланы, халықтың әлеуметтік табысын арттыру, ауыл-аудандардағы жұрттың қажетін өтеу, жол, әлеуметтік құрылыс нысандарын салу, газ, сумен қамту, бизнесті қолдаудан бастап геосаяси шиеленіс кезеңінде еліміз қандай қадамдар жасауы керектігіне дейін қамтыған. Бұл – науқаншылдық емес. Жолдауда айтылған нақты жобалар мен бастамалар «Әділет» партиясының бағдарламасымен де үйлеседі. Президенттің қоғамдық-саяси тірегі ретінде «Әділет» партиясы осы Жолдауды жүзеге асыру бағытында халықпен бірге жұмыс істей береді. Бүгін «Әділет» партиясының жанындағы «Miras» республикалық қоғамдық кеңесінің алғашқы отырысы Құрылтай сайлауынан кейінгі жаңа құраммен өтіп отыр. Мұнда Жолдауда айтылған қоғамдағы рухани-мәдени бағыттарды айқындау, тек орталықта ғана емес, өңірлерде жұмыс жүргізу, қарапайым амандасу әдебінен бастап интеллектуалды ұлт қалыптастыру, кітап оқу мәдениеті, материалдық емес құндылықтарды түгендеу, интеллектуалдық көжиегімізді кеңейту, креативті экономикаға қатысты мәселелер талқыланды. Руханият, әдебиет, мәдениетті, бір сөзбен айтқанда ұлттың иммунитетіне баланған құндылықтарымызды алдағы уақытта қалай дамытамыз, атқарушы билік органдарымен бірлесе отырып қалай жүзеге асырамыз деген секілді мәселелер айтылып жатыр. Өте жақсы ұсыныстар айтылып, оларды шешу жолдары да қарастырылды. Президент Жолодауында айтылған «Халықтық құрылыс» бастамасына, өңірлерде мәдени және әлеуметтік нысандар тұрғызу мәселесіне арнайы тоқталдық. Оны бақылау, қаржылық тиімділігін бағамдау және халыққа қолжетімді етуге қатысты нақты ұсыныстар берілді. Алдағы уақытта осы ұсыныстарды саралап, мемлекеттік органдардың басшыларымен, тиісті институттармен, кеңес мүшелерімен жүзеге асыратын боламыз», – деді Ж.Әшімжан.
Құрылтай депутаты Жарқынбек Амантай мәдени инфрақұрылымды дамыту халықтың өмір сапасын жақсартумен қатар елдің рухани әлеуетіне салынған инвестиция болатынын атап өтті. .
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында ұзақ мерзімді технологиялық жаңғыру, әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру және адами әлеуетті арттыру мәселелері көтерілді. Жолдаудың маңызды бағыттарының бірі – мәдениет пен руханниятты дамыту, әлеуметтік саланы жаңғырту және сапалы адам капиталын қалыптастыру. Бұл үш бағыт бір-бірінен бөлек емес. Өйткені мемлекеттің қуаты тек экономикалық көрсеткіштермен емес, ең алдымен азаматтардың білімімен, мәденитемімен, дүниетанымымен және рухани кемелдігімен өлшенеді. Мәдениет – қоғамдық дамудың негізгі тірегі. Жолдауда Президент өңірлердегі мәдениет нысандарына деген қажеттілікті анықтап, қажетті нысандарды салуды, жаңғыртуды тапсырды. Атап айтқанда барлық өңірлерде шыңғармашылық үйлерін, кітапханалар мен ғылыми орталықтар тұрғызу қажеттігі айтылды. Бұл тапсырманың мәдениет саласы үшін маңызы зор. Себебі мәдениет нысандары көңіл көтеретін жер ғана емес, халықтың шығармашылық әлеуетін арттыратын орын. Ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, және жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыратын рухани орталық болуға тиіс. Мәдени инфрақұрылымды дамыту халықтың өмір сапасын жақсартумен қатар елдің рухани әлеуетіне салынған инвестиция болмақ», – дейді ол.
Халық кеңесінің мүшесі Нұртөре Жүсіп Президенттің Жолдауда айтылған «Кітап оқитын ұлт» тұжырымадамасының маңызына тоқталып, қоғам тек кітап қана емес, газет оқуға дағдылануы тиіс деп санайтынын жеткізді.
«Қоғамдық мәдениетті қалыптастыру деген мәселеге келетін болсақ, бұл жерде заң мен тәртіп, еңбек деген осы ұштаған негізге алынуы керек. Осының ішінде мәдени салаға келсек, мемлекеттің қаражатына түсірілетін кинотуындылардың барлығы бірінші мемлекеттік тілде түсірілсе деген ұсынысымыз бар. Өйткені біз орысша түсіріп аламыз да, артынан аударма жасаймыз. Коммерциялық фильмдерде боғауыз сөздер, тұрпайы дүниелер өте көп кездеседі. Осылардан тазартып, мұқият сүзгіден өткізіп барып, ұсыну қажет. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Кітап оқитын ұлт» тұжырымдамасына қатысты жақсы іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Бұған қоса, біз газет оқу мәдениетін қалпына келтіруге тырысуымыз керек. Өйткені газет оқыған азамат кітап оқитыны анық. Газет оқыған баланың дүниетанымы, тіл байлығы, рухани байлығы терең болатыны да анық. Презмдентіміз жыл сайын қазақтың дәстүрлі басылымдарына сұхбат беріп келе жатыр. Мұның өзі газеттің маңызын көрсетпей ме?», – дейді ол.
Ал Құрылтай депутаты Ерлан Тоқшылық аймақтардың жағдайына тоқталып, цифрландыру, жасанды интеллект игіліктерін ауылдарға жеткізу мәселесін ерекше атап өтті.
«Бүгін «Miras» отырысында көптеген мәселе көтерілді. Әсіресе Президентіміздің Жолдауда айтқан басым бағыттарын талқыладық. Мұнда айтылған әр мәселе болашақта шешімін табады. Қуантатын тағы бір жаңалық, алдағы уақытта аймақтарға шығып, аймақтардағы мәселелерді көтеретін боламыз. Өзім депутаттыққа аймақтан келіп отырғаннан кейін маған бұл жақсы таныс. Өйткені аймақтарда да қордаланып тұрған мәселе көп. Аудандардағы осындай өнер ұжымдары қандай деңгейде, оларға қандай көмек керек, клубтардың күйі қалай, осы мәселелерге көңіл аударуымыз керек. Өйткені партия өзінің алдына үлкен мақсат қойғаннан кейін біз осыны өңірлер де сезінетіндей істеуіміз қажет. Оны Президентіміз де өз Жолдауында нақты айтып кетті. Әсіресе цифрландыру, жасанды интеллект игіліктерінің пайдасын ауыл халқы да көруі керек», – дейді ол.