Астанада шетел азаматы 30-ға жуық автокөлік дөңгелегін ұрлап кеткен

Бүгін, 17:03 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

Байқоңыр аудандық полиция басқармасының қызметкерлері 30-ға жуық автокөлік дөңгелегін ұрлау дерегіне қатысы бар 23 жастағы шетел азаматын ұстады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тергеу барысында күдіктінің елордадағы дәмханалар желісінде жұмысшы болып еңбек еткені анықталды. Мекеме қызметкерлері маусымдық дөңгелек ауыстыру жұмыстарын жүргізіп, алынған дөңгелектерді қоймаға сақтауға орналастырған. Қоймадағы мүліктердің орналасқан жерін білген күдікті автокөлік дөңгелектерін жасырын түрде алып шыққан.

Кейін ол сатып алушыларды тауып, қойма иесінің қойманы босату туралы тапсырма бергенін айтып, дөңгелектерді сатып жіберген.

Заңсыз жолмен тапқан ақшаны өз қажеттілігіне жұмсаған. Біраз уақыт өткен соң автокөлік иелері дөңгелектерінің жоғалғанын байқап, полицияға жүгінген. Келтірілген жалпы материалдық шығын көлемі 7 миллион теңгені құрады. Қылмыстың әшкереленгенін білген күдікті Қазақстан аумағынан шығып, өз еліне кеткен. Алайда жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері оның Қазақстанға қайта оралғанын анықтап, күдіктіні ұстады.

Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауда отыр. Оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.