Қазақстандық балмұздақ өндірушілер үшін биылғы жаз жаңа рекордтар кезеңі болды. Статистикалық мәліметтер өндірістік әлеует пен өнім шығару көлемінің айтарлықтай артқанын көрсетеді. Бұл отандық өндірістің күшеюімен қатар, экспорттық-импорттық ағындардың да өзгеріп жатқанын аңғартады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) есептеріне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында балмұздақ пен тағамдық мұз өндірісінің көлемі 77,5 мың тоннаға жеткен. Бұл көрсеткіш өткен жылдың бүкіл көлемінен асып түсті. Ал 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өндіріс көлемі 57%-ға өскен.
Өткен жылдың басынан бергі айлық динамика өндірістің маусымдық сипатқа ие екенін және көрсеткіштердің құбылмалы болғанын аңғартады. Биыл жазда өнім шығару көлемі рекордтық деңгейге жеткен. Атап айтқанда, маусым айында өндіріс көлемі 20 мың тоннадан асып, мамыр айындағы көрсеткіштен екі есе жоғары болған.
Сарапшылардың айтуынша, сату көрсеткіштері отандық компаниялар өндіріс көлемін арттырған кезде ішкі нарықтың да оң реакция танытқанын көрсетеді. Биылғы жылдың алғашқы сегіз айында ішкі нарықтың сыйымдылығы шамамен 61%-ға өскен. Балмұздақ пен өзге де тағамдық мұз өнімдерін сату көлемі 72,6 мың тоннаны құрап, бұл соңғы бірнеше жылдағы рекордтық көрсеткіштердің бірі болды.
«Нарық сыйымдылығының артуына тұтыну көлемінің өсуі себеп болды ма деген болжамды әзірге тексеру мүмкін емес. Ұлттық статистика бюросының қазақстандықтардың қанша балмұздақ тұтынатыны туралы өзекті деректері тек 2026 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша қолжетімді. Соңғы 2,5 жылдағы динамика әзірге тек маусымдық үрдістерді ғана көрсетеді», – делінген жарияланымда.