Астанада түн ортасында отшашу ұйымдастырған 39 жастағы ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ол жақын адамын мерекемен құттықтамақ болғанымен, әрекеті тұрғындардың тыныштығын бұзған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға елорданың Байтұрсынов көшесінде болған. Полиция мәліметінше, ер адам түнгі уақытта пиротехникалық бұйымдарды іске қосып, мерекелік отшашу атқан. Алайда оның бұл әрекеті көпқабатты үйлерде тұратын азаматтардың тыныштығын бұзған.
Құқық қорғау органдары 39 жастағы тұрғынның әрекетін ұсақ бұзақылық ретінде бағалап, оған қатысты әкімшілік іс қозғаған. Іс сотта қаралып, ер адам кінәлі деп танылды. Сот шешімімен оған бес тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды. Осылайша, жақын адамын ерекше құттықтағысы келген астаналықтың әрекеті әкімшілік жазамен аяқталды.