Таиландтан Қазақстанға 17 келі есірткі әкелген шетелдік 16 жылға сотталды

27 қазан, 2026 / Жамбыл Жайлау

Қазақстанға Таиландтан ірі көлемде есірткі жеткізген 20 жастағы шетел азаматы 16 жылға бас бостандығынан айырылды. Құқық қорғау органдары одан 17 келі есірткі тәркілеген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері халықаралық есірткі тасымалына қатысы бар шетел азаматын анықтап, ұстаған.

Тергеу барысында оның Таиландтан Қазақстанға есірткінің ірі партиясын жеткізгені белгілі болды. Полицейлердің мәліметінше, ол заңсыз әкелінген есірткіні кейін арнайы өткізу арналары арқылы таратуды жоспарлаған. Алайда көлік полицейлері қылмыстық әрекеттің жолын кесіп, 17 келі есірткіні тәркіледі.

Қылмыстық іс сотта қаралып, 20 жастағы шетел азаматы кінәлі деп танылды. Сот үкімімен ол 16 жылға бас бостандығынан айырылды. Көліктегі полиция департаментінің өкілі Ф. Елубаев халықаралық есірткі тасымалына қарсы күрес жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, есірткіні шетелден ел аумағына заңсыз жеткізу арналары құқық қорғау органдарының ерекше бақылауында.

Ведомство өкілі азаматтарды бейтаныс адамдардың өтінішімен белгісіз заттарды тасымалдаудан сақтандырды.

"Егер ішіндегісі белгісіз болса, бөгде адамдардан сақтау немесе тасымалдау үшін, тіпті ақшалай сыйақыға да, сәлемдемелерді, пакеттерді және өзге де заттарды қабылдауға қатаң тыйым салынады. Сенгіштік пен сақтық танытпау адамның қылмысқа сыбайлас ретінде тартылуына және ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін", – деді Ф. Елубаев.

Полиция қызметкерлері күмәнді жағдайларға тап болған азаматтарды дереу құқық қорғау органдарына хабарласуға шақырды.