Әлемдегі адам ең көп баратын 20 музей

Бүгін, 18:45 / Ербұлан Қайрат

Әлемдегі адам ең көп баратын музейлердің рейтингісі жарияланды. Бұл туралы Euronews басылымы жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Themed Entertainment Association (TEA) ұйымы 2025 жылғы келушілер санына сүйеніп, әлемдегі ең танымал музейлердің жыл сайынғы рейтингін әзірлеген. Бірінші орынға Бейжіңдегі Гугун сарай музейі (Тыйым салынған қала) шықты. Оған бір жылда 19 миллион адам барған. Екінші орында 17,38 миллион келушісі бар Бейжіңдегі Жазғы сарай, ал үшінші орында 10,97 миллион адам қабылдаған Сиань қаласындағы Цинь Шихуанди кесенесінің музейі тұр. 

Қытай музейлерінің танымалдығын сарапшылар ел ішіндегі туризмнің ауқымымен және мәдени орындарға қолжетімділіктің жоғары болуымен байланыстырады. Елдегі ресми тіркелген 7 188 музейдің 91%-ына кіру тегін.

Төртінші орынға Париждегі Лувр музейі жайғасты. Оны 2025 жылы 9,05 миллион адам тамашалаған. Бұл – Қытайдан тыс жерлердегі ең көп келуші қабылдаған музей. Бесінші орында 8,4 миллион адам барған Франциядағы Версаль сарайы тұр.

Әлемдік жиырмалыққа Еуропадан барлығы бес мәдени нысан енген. Олардың қатарында Лувр мен Версальдан бөлек Лондондағы Табиғат тарихы музейі (7,12 миллион), Ватикан музейлері (6,93 миллион) және Британ музейі (6,44 миллион) бар. Лондондағы Табиғат тарихы музейі әлемдік рейтингте жетінші, ал Британ музейі он үшінші орынға орналасқан. 

Тізімге Оңтүстік Кореяның екі музейі де кірді. Сеулдегі Кёнбоккун сарайын 6,89 миллион, ал Корея ұлттық музейін 6,51 миллион адам аралаған. АҚШ-тан үздік жиырмалыққа енген жалғыз музей – Нью-Йорктегі Метрополитен өнер музейі. Оған 5,98 миллион адам барған.

Еуропаның жеке рейтингінде Франция мен Ұлыбритания музейлерінен кейін Санкт-Петербургтегі Орыс музейі, Петергоф, Ыстанбұлдағы Топқапы сарайы, Лондондағы Tate Modern және Ұлттық галерея орналасқан. Сондай-ақ үздік жиырмалыққа Италия, Австрия, Испания, Польша және Германияның танымал мәдени орындары енген.

TEA мәліметінше, 2025 жылы әлемдегі ең көп келуші қабылдаған 20 музейге барлығы 161,4 миллион адам барған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 5,4%-ға көп. Рейтингтегі 20 мекеменің 16-сында келушілер саны артқан. Ұйымның есебіне дәстүрлі музейлермен қатар тарихи сарайлар мен музейлендірілген мәдени нысандар да енгізілген. 

2025 жылы әлемдегі адам ең көп барған 20 музей:

  1. Гугун сарай музейі (Тыйым салынған қала) – Бейжің, Қытай – 19 млн адам.
  2. Жазғы сарай – Бейжің, Қытай – 17,38 млн адам.
  3. Цинь Шихуанди кесенесінің музейі – Сиань, Қытай – 10,97 млн адам.
  4. Лувр музейі – Париж, Франция – 9,05 млн адам.
  5. Версаль сарайы – Франция – 8,4 млн адам.
  6. Наньшань аудандық музейі – Шэньчжэнь, Қытай – 7,46 млн адам.
  7. Табиғат тарихы музейі – Лондон, Ұлыбритания – 7,12 млн адам.
  8. Ватикан музейлері – Ватикан – 6,93 млн адам.
  9. Апиын соғысы музейі – Дунгуань, Қытай – 6,93 млн адам.
  10. Қытай ұлттық музейі – Бейжің, Қытай – 6,9 млн адам.
  11. Кёнбоккун сарайы – Сеул, Оңтүстік Корея – 6,89 млн адам.
  12. Корея ұлттық музейі – Сеул, Оңтүстік Корея – 6,51 млн адам.
  13. Британ музейі – Лондон, Ұлыбритания – 6,44 млн адам.
  14. Князь Гун сарай музейі – Бейжің, Қытай – 6,12 млн адам.
  15. Саньсиндуй музейі – Гуанхань, Қытай – 6,08 млн адам.
  16. Ухоу ғибадатхана музейі – Чэнду, Қытай – 6,03 млн адам.
  17. Метрополитен өнер музейі – Нью-Йорк, АҚШ – 5,98 млн адам.
  18. Нанкин музейі – Нанкин, Қытай – 5,86 млн адам.
  19. Шэньян сарай музейі – Шэньян, Қытай – 5,85 млн адам.
  20. Қытай ғылым және технология музейі – Бейжің, Қытай – 5,53 млн адам.