Мадридте Димаш жанкүйерлерінің кешінде шетелдегі қазақ балаларының суреттер көрмесі өтті

Бүгін, 18:39 / Нұрлан Әлинұр
Фото: дереккөз

«Отандастар қоры» КеАҚ Димаш Құдайбергеннің DIMENSIONS әлемдік туры аясындағы Мадрид концерті қарсаңында өткен жанкүйерлер кеші (pre-party) аясында «Қазақстан – менің көзіммен» халықаралық шығармашылық байқауының көрмесін ұйымдастырды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Көрмеде шетелде, атап айтқанда Жапония, Нидерланд, БАӘ, Грузия, Катар, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстанда тұратын қазақ балаларының өз қолымен салған суреттері қойылды. Іс-шараға 500-ге жуық адам қатысты.

Pre-party кешіне Димаштың әлемнің әр түкпірінен Испания астанасына арнайы келген жанкүйерлері, Еуропаның 20-ға жуық елінен келген қазақ диаспорасының басшылары және Испаниядағы отандастар жиналды.

Құрметті қонақтар қатарында Қазақстан Республикасының Испания Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Данат Мұсаев және Елшілік қызметкерлері болды.

Көрмені «Отандастар қоры» КеАҚ Мадридтегі қазақ мәдени орталығымен бірлесіп ұйымдастырды. «Қазақстан – менің көзіммен» байқауына жіберілген жұмыстарда шетелде өсіп жатқан қазақ балалары тарихи Отанын, оның табиғатын, салт-дәстүрі мен мәдениетін өз көзімен бейнеледі. Жанкүйерлер мен шетелдік қонақтар үшін бұл суреттер Қазақстанды жаңа қырынан тануға мүмкіндік берді.

Көрменің мақсаты – Қазақстанның мәдениетін, ұлттық өнерін, салт-дәстүрі мен тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде насихаттау, сондай-ақ шетелдегі қазақ мәдени орталықтарының өзара ынтымақтастығын нығайту.

Кеш барысында Қоғамның негізгі қызметтері мен қазақ тілін үйрететін Абай институты порталы бейнепрезентация арқылы таныстырылды.
Сурет көрмесі қазақ дәстүрі, испан өнері мен Димаш шығармашылығы тоғысқан кең мәдени бағдарламамен қатар өтті. Кеш жас домбырашылар Әлинұр және Әлихан Амангелділердің орындауындағы «Балбырауын» және «Ер-Тұран» күйлерімен ашылды.
Севильядағы El Boti фламенко мектебінің өнерпаздары қазақтың «AQERKE» халық әніне фламенко стилінде би қойылымын ұсынды. «Наз» мемлекеттік би театрының әртістері «Шашу», «Қалыңдық биі», «Аққу», «Шернияз» және «Самғау» билерін көрсетті. Дизайнер Тәрбие Айдымбаеваның TARBIYA бренді ұлттық киім үлгілерін таныстырды.

Балаларға арналған бағдарлама аясында «Түркі тілдес мұғалімдері» ассоциациясының өкілі ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының «Тәтті ертегі» жобасымен шыққан «Шахматшы Қонжық» ертегі кітабын және Tildes KZ сөйлесу клубын таныстырды.

Кештің музыкалық бөлігінде Jonhy Calleja, Жанель Әли, Viryam Amor Ondas және Rachel Rustria Димаш репертуарынан «Unforgettable Day», «Tau Ishinde», «Ave Maria», «SOS» секілді туындыларды орындады. Жанкүйерлер «Living for the Game» композициясына арнайы би қойылымын дайындады. Кеш соңында қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.