Қарашада Қазақстанда ауа райы қандай болады: Қазгидромет болжамы

Бүгін, 17:51 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Қазгидромет қараша айына арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Синоптиктердің болжамына сәйкес, Қазақстанның басым бөлігінде қараша айы әдеттегіден 1-2 градусқа жылы, елдің солтүстік-батыс бөлігінде климаттық норма шамасында болады деп күтілуде.

"Қазақстан аумағы бойынша ай ішінде ауа райы құбылмалы болады. Жауын-шашын, кейбір күндері қатты жауын-шашын, бұрқасын, желдің күшеюі, тұман және көктайғақ болады деп болжанып отыр", - дейді мамандар.

Қарашаның бірінші аптасында жауын-шашынсыз, салыстырмалы түрде жылы, кей күндері бұлтты ауа райы басым болады. Тек елдің солтүстік-шығысы мен шығысында айдың басында жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын болады, түнгі уақытта тұман болуы мүмкін.
Бірінші онкүндіктің ортасында елдің батыс өңірлерінде белсенді циклонның әсерімен Қара теңіз аудандарынан жауын-шашын (жаңбыр, қарға ауысумен) күтіледі, онкүндіктің соңына қарай республиканың қалған өңірлерінде де жауын-шашын, желді ауа райы болжанады, Қазақстанның оңтүстік жартысында негізінен жаңбыр жауады. Тұман, көктайғақ және екпіні 15-28 м/с дейінгі жел болады.

Айдың басындағы ауа температурасы:

елдің батысында, оңтүстік-батысында, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында күндіз +12+22°С;
солтүстікте, солтүстік-батыста (Қостанай облысы), орталықта және шығыста түнде -1-8°С-тан 0,+5°С-қа дейін ауытқу, күндіз +5+13°С болжанады.

Бірінші онкүндіктің соңында елдің солтүстік жартысында күндіз температура фонының 0,+5°С дейін, оңтүстік жартысында +8+13°С дейін, батыста +2+10°С дейін төмендеуі күтіледі.

Қазақстанның таулы аймақтарында ауа температурасының түнде -3+2°С-тан-5-10°С-қа дейін ауытқиды, күндіз +2+10°С күтіледі.
Қарашаның екінші және үшінші онкүндігінде жиі ауытқитын температуралық фон күтіледі:

елдің солтүстік жартысында түнде -1-13°С-тан -3+5°С-қа дейін, күндіз +1+10°С-тан 0,-5°С-қа дейін, елдің оңтүстік жартысында түнде 0,-5°С-тан +2+10°С-қа, күндіз 0,+5°С-тан +7+15°С-қа дейін.

Алайда, жекелеген күндері елдің солтүстігінде, шығысында және орталығында түнгі ауа температурасының -10-18°С-қа дейін төмендеуі болжанып отыр.