Алматыда екі қабатты дәмхана ғимаратынан өрт шықты

Бүгін, 09:30 / Нұрлан Әлинұр
Видеодан скриншот

Алматының Түрксіб ауданында екі қабатты кафе ғимаратынан өрт шықты, зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды turkystan.kz.

ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінше, төтенше жағдай бүгін, 1 қарашада таңертең болған.

"Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері жедел жетті. Алғашқы бөлімшелер келген сәтте ғимараттың шатыры ашық жалынға оранған. Барлау барысында қосалқы бөлме мен шатырдың жанып жатқаны анықталды", - делінген хабарламада.

Өрттің көршілес ғимаратқа таралу қаупі болған. Өрт сөндірушілердің жедел әрекетінің арқасында жалынның көрші нысанға таралуына жол берілмеген.

Сонымен қатар құтқарушылар жану аймағынан әртүрлі көлемдегі алты оттегі баллонын сыртқа шығарып, олардың жарылу қаупінің алдын алған.

Өрт толығымен сөндірілген. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.