Астанада 4 млрд теңгеден астам қаржыға алаяқтық жасады деген күдікті Шымкентте ұсталды

Бүгін, 17:31 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Астана полициясы халықаралық іздеуде жүрген 45 жастағы ер адамды Шымкент қаласында ұстады, деп хабарлады turkystan.kz.

Тергеу мәліметінше, күдікті бір топ адаммен бірге азаматтардың сеніміне кіріп, Астанадағы көпқабатты тұрғын үй кешенінің құрылысына қаражат тартқан. Алайда құрылыс жұмыстары қажетті рұқсат құжаттарынсыз және мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысынсыз жүргізілген.

"Қылмыстық іс аясында 292 үлескердің зардап шеккені анықталды. Келтірілген жалпы шығын 4 миллиард теңгеден асады", - деп жазылған хабарламада.

Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктінің ұзақ уақыт бойы Шымкентте жасырынғаны белгілі болды. Ол ізін жасыру үшін жалдамалы пәтерлерін жиі ауыстырып отырған. Қазіргі уақытта ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.