Қайрат Отаров: Президенттің мемлекеттік комиссия құру бастамасы – маңызды шешім

Бүгін, 14:41 / Нұрлан Әлинұр

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтық құрылыс» бағдарламасына бөлінетін бюджет қаражатының жұмсалуын бақылайтын мемлекеттік комиссия құруды ұсынды. Мемлекет басшысы комиссия құрамына бірқатар салалық ведомство басшылары, Құрылтай мен мәслихаттар депутаттары, Халық Кеңесінің мүшелері, қоғам қайраткерлері, белсенділер, волонтерлер, журналистер кіретінін мәлімдеді. ҚР Кәсіподақтар Федерациясы Әлеуметтік-экономикалық қатынас және әлеуметтік серіктестік комитетінің төрағасы Қайрат Oтаровтың пікірінше, «Халықтық құрылыс» бағдарламасына бөлінетін бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылау мемлекеттік жобалардың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Ол жаңа комиссияның жұмысы формалды есеп берумен шектелмей, нақты нәтижеге бағытталуы қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халықтық құрылыс» бағдарламасына бөлінетін бюджет қаражатының жұмсалуын бақылайтын мемлекеттік комиссия құру туралы бастамасын маңызды әрі уақтылы шешім деп санаймын.

Мемлекеттік комиссия құрамына мемлекеттік органдардың басшыларымен қатар Құрылтай мен мәслихат депутаттарының, Халық Кеңесі мүшелерінің, қоғам қайраткерлерінің, белсенділердің, волонтерлер мен журналистердің енгізілуі бақылаудың ашықтығы мен жан-жақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Менің ойымша, бұл жерде басты мәселе – комиссия құрамының кеңдігі ғана емес, оның нақты жұмыс істеуі. Бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын, жобалардың орындалу барысын, қаражаттың тиімділігін және қабылданған шешімдердің нәтижесін жүйелі бақылау қажет. Анықталған заңбұзушылықтар мен кемшіліктерге уақтылы ден қойылып, оның нәтижелері қоғамға ашық жеткізілуі тиіс.

Мұндай тетік мемлекеттік жобалардың іске асырылуына деген қоғамдық сенімді нығайтуға ықпал етеді. Өйткені халық үшін бөлінген қаражаттың көлемі ғана емес, оның нақты қандай мақсаттарға жұмсалғаны және қоғамға қандай пайда әкелгені маңызды.

Сондықтан мемлекеттік комиссияның қызметі формалды есеп берумен шектелмей, нақты нәтижеге бағытталуы керек. Ашықтық, жауапкершілік және бақылау тетіктерінің тиімділігі қамтамасыз етілген жағдайда, бұл бастама бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға және мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді арттыруға елеулі үлес қоса алады», — деді Қайрат Отаров.