Абай университетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен бекітілген «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын жүзеге асыру бағытында арнайы өткізілген экологиялық апталық өз жұмысын қорытындылады. Апталыққа қара шаңырақтың 10 мың ерікті студенті қатысып, қоршаған ортаны қорғауға өз үлестерін қосты. Оған шетелдік білім алушылар да қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қалалардың қауіпсіз, жайлы, көрікті болуына басымдық, яғни приоритет ретінде қарай отырып, бұл істі аса маңызды мемлекеттік міндет деп қабылдау керек. Бұл – «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасына толық сай келетін талап» деген болатын. Осындай игі құндылықтарды мақсат еткен апталық өскелең ұрпақтың бойында патриотизм мен азаматтық жауапкершілікті күшейтіп, экологиялық мәдениетті қалыптастыруды көздейді. Сондай-ақ студенттерді ортақ іске жұмылдырып, қоғамдық жұмыста белсенді әрі салауатты өмір салтын насихаттауда құлшынысты арттыруға шақырды.
Апталықтың жабылуына Іле Алатауы мемлекеттік табиғи ұлттық паркінің аға мемлекеттік инспекторы Салтанат Амантайқызы арнайы қатысып, жастардың экологиялық белсенділігін жоғары бағалады. Университеттің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақау аталған жобаның Жаңа Конституцияға негізделгенін, қауіпсіз, дамыған және таза қоғамды қалыптастыруға бағытталғанын алға тартты.
«Таза Қазақстан» акциясы Президентіміздің бастамасымен жыл бойы жүзеге асырылып келеді. Ең алдымен бұл науқан айналамызға жанашырлық танытып, табиғатты құрметтеуді үйретеді. Апталық барлық факультетте ұйымдастырылып, бүгінгі қорытындысына бес факультеттің білім алушылары жиналды. Осындай бастамалар арқылы студенттер университет қабырғасында кәсіби білім ғана емес, патриоттық ұстаным мен жауапкершілігін де қалыптастырады, – деді проректор.
Республика күні мерекесіне байланысты ұйымдастырылған экологиялық апталық 30 қазанға дейін білім ордасының барлық кампустарында апта бойы жалғасып жатты. Бүгін университет бас ғимаратының алдына жиналған білім алушылар бірнеше оқу корпусы алаңында тазалық жұмыстарын жүргізіп, аулаларды ағаш жапырақтары мен қоқыстардан тазартты.
Айта кетейік, Абай университетінде «Таза Қазақстан» акциясын қолдау бағытында өткізілетін сенбіліктер мен іс-шаралар мұнымен толастамайды. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жыл бойы жалғасын таппақ.