Таразда есігі жоқ көлікпен көшеге шыққан жүргізуші жұртты таңғалдырды

Бүгін, 22:14 / Жамбыл Жайлау
Жамбыл облыстық ПД

Тараз қаласында алдыңғы есігі жоқ Volkswagen автокөлігімен жолға шыққан жүргізуші полицияның назарына ілікті. Ер адам көлігін жөндеу орнына жеткізбек болған, алайда бұл әрекеті үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға Тараз қаласындағы Төле би даңғылында болған. Патрульдік полиция қызметкерлері көшеде кетіп бара жатқан ерекше автокөлікті байқаған. Volkswagen маркалы көліктің жүргізуші жағындағы алдыңғы есігі мүлде болмаған.

Тәртіп сақшылары автокөлікті тоқтатып, жүргізушіден оның не себепті осындай жағдайда жолға шыққанын сұраған. Тексеру барысында автокөліктің ұзақ уақыт бойы бір орында тұрғаны белгілі болды.

Жүргізуші оны техникалық қызмет көрсету станциясына жеткізуді жоспарлаған. Алайда эвакуатор шақырудың орнына көлікті өзі жүргізіп апаруды жөн көріпті. Алдыңғы есіктің жоқтығына қарамастан, ол қала көшелерімен қозғалған.

Полиция мұндай әрекеттің жол қозғалысына қатысушылар үшін қауіпті екенін ескертті.

"Алайда есігі жоқ автокөлікпен жүру – сәттілікке сенетін жағдай емес. Көліктің мұндай техникалық жағдайы жүргізушінің өзіне ғана емес, жол қозғалысының басқа қатысушыларына да қауіп төндіруі мүмкін", – делінген полиция хабарламасында.

Нәтижесінде тәртіп сақшылары автокөлік жүргізушісіне қатысты әкімшілік шара қолданған.

Тэгтер:

көлік Тараз