Жастар Президент жолдауында айқындалған стратегиялық басымдықтарды қолдады

Бүгін, 17:00 / Алуа Арман
Фото: Мағжан Молдахмет

Бүгін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында белгіленген стратегиялық басымдықтарды талқылауға арналған «Ұлттық даму күн тәртібінде – жастар» тақырыбында сарапшылық диалог алаңы өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс-шараға Құрылтай депутаттары, мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастығының өкілдері, республикалық жастар бірлестіктерінің басшылары мен өкілдері, студенттік өзін-өзі басқару органдарының мүшелері, жастар ұйымдарының өкілдері және студент жастар қатысты.

Диалог барысында қатысушылар Президенттің Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс бағдарламасын іске асыру, көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту, өңірлерді, ауыл шаруашылығын қолдау, цифрлық экономика құру, жастардың қоғамдық-саяси өмірге қатысу мүмкіндіктерін кеңейту, кәсіпкерлікті дамыту және кәсіби әлеуетін арттыру жөніндегі бастамаларына ерекше назар аударды.

Аталған жиынға спикер ретінде Құрылтай депутаттары, «Әділет» партиясы фракциясының мүшелері Ақерке Искандерова мен Динара Наумова, Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров, сондай-ақ Aitas холдингінің сыртқы байланыстар және GR жөніндегі вице-президенті Данияр Тоқтарбаев қатысты.

«Мемлекет басшысының Жолдауын бәріміз мұқият тыңдадық. Келесі жыл «Халықтық құрылыс» жылы деп жарияланды. Басты назар инфрақұрылымға аударылып отыр. Ондағы негізгі мақсат – келешек ұрпаққа жағдай жасау. Біздің балаларымыз, жастарымыз сапалы мектептерде оқып, денсаулығына қарап, жоғары оқу орындарында жақсы білім алса, кейін мемлекеттің дамуына да жақсы үлес қоса алады. Сонымен қатар Президентіміз цифрландыруға әрдайым баса назар аударып келеді. Азаматтар қай жерде тұрса да, ауылда тұрсын, үлкен қалада тұрсын, бірдей мүмкіндікке ие болуы керек. Бұл – «Әділет» партиясының «Мықты аймақтар – Мықты мемлекет» деген қағидатына да сай келеді. Ендігі жерде Жолдауда айтылған осы міндеттерді жүзеге асыру үшін жұмыс істейміз. Қазақстанның әрбір азаматы Жолдауды тыңдап, өзіне керек тұстарын алуға тиіс деп ойлаймын. Президентіміздің «Адал азамат», «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп» қағидаттарын қолдайтын болсақ, оны күнделікті өмірімізде қолданатын болсақ, еліміз қарқынды түрде дамитынына сенемін», – дейді Құрылтай депутаты Ақерке Искандерова.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауының маңызына тоқталып, Президент айқындаған басым бағыттардың Қазақстанның одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін мәні зор екенін атап өтті.

«Биыл еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде үлкен өзгерістер болды. Жаңа Конституция қабылданды, Халық кеңесі құрылды, Құрылтай сайлауы өтті, Вице-президент тағайындалды. Тарихшы ретінде айтар болсам, елімізде саяси реформалармен бірге тарихи санамызды жаңғырту жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Мамырда елордамызда Жошы ұлысының тарихи мұрасына арналған «Алтын Орда – дала өркениетінің моделі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» халықаралық симпозиум өтті. Оған Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де қатысты. Енді міне, Президентіміздің Жолдауы жарияланды. Бұл жыл – Қазақстан тарихында ерекше есте қалатын тарихи жыл болып отыр», – деді ол.

Ашық пікірталас барысында жастар бірлестіктері мен студенттер ұлттық басымдықтарды іске асыруға қатысудың нақты тетіктерін, азаматтық жауапкершілікті нығайту және мемлекеттік институттармен, бизнес өкілдерімен өзара іс-қимылды дамыту жолдарын талқылады.

«Жолдау – өте ауқымды, мазмұнды. Әлеуметтік салада көп жылдан бері жұмыс істеп жүргендіктен, әлеуметтік нысандар құрылысының маңызын атап өткім келеді. Алыс елді мекендерге барғанда ерекше балаларға арналған оңалту орталықтарының, мектеп пен ауруханалардың жетіспейтінін көреміз. Барлық өңірде инклюзивті білімді жоғары деңгейде беруге мүмкіндік жоқ. Сондықтан оған көңіл бөліп, қажетті кадрларды даярлау қажет. Президентіміз бұл мәселені тап басты. Бұл мәселелерден жастар да қалыс қалмауы керек. Осы кездесуде жастар Президент Жолдауына қатысты сұрақтарын қойып жатыр. Біз барынша түсіндіріп, жастарды елдің әлеуметтік-қоғамдық өміріне белсенді түрде тарту үшін бағыт-бағдар беріп отырмыз», – деді Құрылтай депутаты Динара Наумова.

Қатысушылар Президент Жолдауында белгіленген ел дамуының стратегиялық бағыттарын қолдайтындарын білдіріп, жастарды қоғамдық өзгерістерге белсенді тартудың маңызын атап өтті. Өзекті мәселелерді талқылаумен шектелмей, нақты бастамаларды жүзеге асыруға және ұлттық даму міндеттерін шешуге жастардың тікелей қатысуына ерекше мән берілді.

«Бүгін өтіп жатқан диалог алаңы өті қызықты әрі пайдалы. Жолдауды талқылай отырып, Қазақстанның дамуындағы жастардың рөлі, стратегиялық даму, жасанды интеллект жайлы әңгіме қозғалды. Мұндай талқылаулар жастардың сыни ойлау қабілетін дамытып, өздерін көрсетуге мүмкіндік береді. Осындай кездесулер арқылы студенттер еліміздің дамуына аз да болса өз үлестерін қоса алады», – дейді ЕҰУ-дің 2-курс студенті Жанель Қанжарбек.

Тэгтер:

депутат жастар жолдау ЕҰУ Құрылтай Ақерке Искандерова