Дүкен сөрелерінде 990, 1990 немесе 9990 теңге деген бағаларды жиі кездестіреміз. Бір қарағанда, бұл сандар 1000, 2000 немесе 10 000 теңгеден айтарлықтай ерекшеленбейді. Алайда ғалымдардың зерттеуінше, бағаның осылай берілуі тұтынушының тауар құнын қабылдауына және сатып алу шешіміне әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды turkystan.kz.
Маркетингте бұл әдіс «психологиялық баға белгілеу» деп аталады. Оның негізгі ерекшелігі – тауар бағасын дөңгелек саннан сәл төмен көрсету. Мәселен, 990 теңге мен 1000 теңгенің айырмасы небәрі 10 теңге болғанымен, алғашқы баға сатып алушыға әлдеқайда арзан болып көрінуі мүмкін.
2005 жылы Journal of Consumer Research ғылыми журналында жарияланған зерттеуде ғалымдар Манодж Томас пен Викки Морвиц осы құбылыстың себебін түсіндірген. Олардың анықтауынша, адамдар бағаны қабылдағанда сол жақтағы алғашқы цифрға ерекше мән береді. Сондықтан 2,99 доллар 3 доллардан небәрі бір центке арзан болса да, тұтынушы санасында олардың арасындағы айырмашылық үлкенірек сезілуі мүмкін.
Ал Чикаго университетінің зерттеушісі Эрик Андерсон мен Массачусетс технологиялық институтының ғалымы Дункан Симестер 2003 жылы жүргізген тәжірибелерінде 9 санымен аяқталатын бағалардың сатылымға әсерін тексерген. Үш эксперименттің барлығында мұндай баға тауарға сұранысты арттырған. Әсіресе сатып алушыларға бұрын таныс болмаған өнімдерде бұл тәсіл нәтижелі болған.
Дегенмен ғалымдар психологиялық баға белгілеу барлық жағдайда бірдей әсер етпейтінін ескертеді. Оның тиімділігі тауардың түріне, тұтынушының баға туралы біліміне және сатып алу жағдайына байланысты.
Демек, 990 теңге – жай ғана 1000 теңгеден 10 теңгеге төмен баға емес. Ол сатып алушының тауар құнын қабылдау ерекшелігін ескеретін маркетингтік тәсіл. Сондықтан дүкенде тауар таңдағанда бағаның соңғы цифрына ғана емес, оның нақты құны мен қажеттілігіне де назар аударған жөн.