Нұртөре Жүсіп: Жолдау – кезекті, өмір – өзекті

Бүгін, 16:30 / Інжу Әлихан

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақ­стан халқына кезекті Жолдауын жариялады. Жолдау өмірдің өзекті мәселелеріне арналды.

Президенттің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті мін­деттері» атты Жолдауы еліміздің алдағы даму бағытын ай­қындап, халықтың әл-ауқатын арттыруға, экономиканы ны­ғай­туға және өңірлердің әлеуетін көтеруге бағытталған маңызды мін­­­­деттерді қамтыды.

Жолдауда ерекше назар аудартқан бастамалардың бірі – 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жа­риялау туралы ұсыныс. Бұл – дұрыс шешім. Құрылыс деген жа­сампаз сала. Жаңару мен жаңғырудың өзегі осында жатыр.

Мәні тек жаңа ғимараттар салумен шектелмейді. Ең алды­мен, халықтың күнделікті өміріне қажетті инфрақұрылымды жаң­ғырту, қалалар мен ауылдардың арасындағы даму алшақ­ты­ғын азайту, әр азаматтың сапалы өмір сүруіне жағдай жасау көзделіп отыр. Соның ішінде жолдарды жөндеу, елді мекендерді таза ауыз сумен және газбен қамтамасыз ету, тұрғын үй құры­лы­сын дамыту, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарын салу мәселелеріне басымдық беріледі.

Әсіресе, жаңа ауруханалар мен перзентханалар, балаларға арналған оңалту орталықтары, спорт кешендері мен мәдениет ошақ­тарын салу туралы тапсырмалар әлеуметтік саясаттың бас­ты өлшемі адам және оның өмір сапасы екенін көрсетеді. Бұл бас­тама өңірлердің дамуына серпін беріп қана қоймай, жаңа жұ­мыс орындарын ашуға, отандық кәсіпкерлікті қолдауға және эко­номикалық белсенділікті арттыруға мүмкіндік беретіні анық. 

Президент Жолдауында айтылған тағы бір маңызды мәселе – мемлекеттік қаржының тиімді әрі мақсатты жұмсалуы. Әр­бір қолға алынған жоба нақты нәтижеге жеткізіп, халықтың тұр­мыс сапасына оң әсер етуі тиіс.
Биыл Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 35 жыл толады. Осы орайда қол жеткен табысқа тоқмейілсіп, тоқтап қалмау өте маңыз­ды. 

Жолдаудың түйінді тұстары төмендегідей: 

«Халықтық құрылыс жылы». 35 жылда бұрын-соңды бол­маған ауқымды құрылыс жұмыстары басталады.
Инфрақұрылымды жаңғырту. 2029 жылға дейін инф­ра­құрылымды дамытуға Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бө­лі­неді.
Президент «Халықтық құрылыс» бағдарламасы жүз мың­даған адамды жұмыспен қамтиды. Тарихымыздағы ең үлкен инф­­­рақұрылымдық жоба болады, – деді.

«Адал азамат» қағидаты – қоғамдық сананы жаңғырту негізі. Елдің дамуы үшін ең алдымен қоғамдық сана өзгеруі тиіс. «Адал аза­мат» қағидатын өмірлік ұстанымға айналдырып, заң мен тәр­тіп үстемдік ететін қоғам қалыптастыру маңызды.
Шағын бизнесті қолдау. Шағын кәсіпкерлікке кедергі кел­тіретін тексерулерге үш жылдық мораторий енгізу мәселесін Құрыл­тайда қарастыру тапсырылды. Сондай-ақ кәсіпкерліктің дамуын тежейтін салықтық талаптарды қайта қарау көзделеді.

Ең төменгі жалақы 85 мыңнан 100 мыңға өседі, келер жылы жаңа Азаматтық кодекс қабылданады, кәсіпкерлікті қолдау кү­шейеді. 

Ұстаздарға қатысты ойын айта келіп, мұғалімдер жұмысын жеңілдету туралы: «Ұстаздың негізгі миссиясы – балаға сапалы бі­лім беру, яғни сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бұл міндетке ке­дергі келтіретін басы артық жұмысты доғару керек», – деді.

Бүгінгі Жолдаудың негізгі мәні де осында деп білеміз. Ұрпақ мық­ты болмай, ұлт көші жаңа арнаға түсе қоймайды.

Нұртөре ЖҮСІП, 
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі