Әлемдік саясат құбылып тұр. Бірақ жаһандық бағзы әрі баянды құндылықтар, соның ішінде өзіміздің елдік даналық «Жұртты кейде баршылық, кейде жоқшылық сынайды» дейді. Тіпті қиындықтан да, дағдарыстан да сабақ алуды аманаттайды: «Көңіл жетсе, қол жетеді. Айналып бастан бұлт кетеді...».
Шүкір, біз игі ынтымақ, қажырлы еңбек өтеусіз кетпейді деп, әрқашан жақсылықтан үміт етеміз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты халыққа Жолдауында барға тоқмейілсімеудің, жоққа ақыл-парасатпен, ерік-жігермен қол жеткізудің жөн-жобасы айтылды.
Мемлекеттің де, қоғамның да, сан саланың да, бір-бірін орайымен толықтыруға пейілді буынның да қазіргі елшіл арман-аңсары, мақсат-мүддесі, жалпы азат Қазақстанның заманауи пайымы жетеге жеткізілді. Бұл – ортақ істі ойласа шешудің жолы, амалы, әдіснамасы дер едік.
Өзекті міндеттің басы – бірлік пен жауапкершілік. «Ұрпаққа жоспарды емес, қуатты елді қалдыруымыз керек» деген Президент тезисінің мәні осында.
Жолдауда инфрақұрылым мен экожүйе туралы саяси-экономикалық та, әлеуметтік-мәдени де, өндірістік-инновациялық та күн тәртібі қатар түсіндірілді. Иә, Қазақстан халықтық құрылыс пен жалпы ауқымды құрылыс жолында өмірлік негізгі салалармен қабат білімді, ғылымды, логистиканы, қызмет көрсетуді, өндірісті тең дамытатын сабақтастықтан, тұтастықтан айнымауға мүдделі. Бұл қуатты өңірлерге де, жол, энергетика саласына да, өнеркәсіп-өндіріске де, ауыл шаруашылығына да, цифрлық жаңаруларға да қатысты.
Мемлекет басшысы елдің әділеттік, заң мен тәртіп бағыты – айнымас, адастырмас темірқазық екенін тағы да еске салып, пилоттық аяда жүзеге асып жатқан жаңа салық саясатының да, алдағы уақытта енгізілетін әлеуметтік жеңілдік талаптарының да нақты төрешісі – қоғам парасаты, адалдық өлшемі, масылдықтан сақтандыру тәсілі болуға тиістігін байыптатты.
Елдегі саяси реформа барлық саланы жүйелеуге бағытталған. Жаңашыл жұмыс ескі өлшеммен, ұстаныммен атқарылмайды. Ендігі кезек – жаңа, сапалы «Азаматтық кодексті» әзірлеп, қабылдау. Бұл – адам, қоғам, мемлекет, бизнес арасындағы сенім мен келісім заңдылығы мен тәртібі. Сонымен бірге қоғам жиі сынап, үміт ететін Үкіметтен бастап ауылдық әкімдікке дейінгі атқарушы билік құрылымының тиімді, іскер, халықшыл мазмұнына қол жеткізу шарты да айтылды. Бұл да кешікпей жүзеге асады.
Бизнесті әсіре, жадағай тексеруді тиятын 3 жылдық мораторий де – Президенттің сәтті идеясы, шешімі дер едік.
Сауатты бюджет саясаты, инфляцияны ауыздықтап отыру, министрліктер арасындағы инвестицияға жауаптылық тәртібі, банктің экономикаға нақты көмегі, ЖИ-дің шынайы іс-жоспары мен тиімділігі, минералдар мен шикізаттар жөніндегі тың әдістерді, агроөнеркәсіптегі елеулі бастамаларды қолдау т.б. қадау-қадау мәселелерді жүйелі орындау міндеттелді.
Жұртшылықтың көптен мазалап жүрген мәселе – ішкі миграция мен демографиялық өсім арасалмағын реттейтін тетіктер. Мысалы, бұған барлық аймақты байланыстыратын жаңа теміржол мен автожол құрылысын жатқызуға болады. Әуежол мен әуежайды қоссақ та артықтығы жоқ. Осы бағытта басталған жобалар жалғасын тауып, қаржы көзі пысықталмақшы.
Энергетика мен атом электр станциясы жөнінде де осыны айта аламыз. Президент «электрлендіру дәуірі» деген тіркесті қолданды. «Балқаш» АЭС-інің құрылысы жылдамдатылмақ. Бұрын мамандар ғана болжап айтқан «Мойынқұм» АЭС-і шынайы жобаға айналмақ.
Осы ретте жасанды интеллект, инновация, технология, бизнес, инвестиция басын түйістірген Alatau City жобасы ойға оралады.
Бұл шаһар бір мекенді емес, өңірді серпілтеді деген үміт те, сенім де басым.
Уран өндіру саласын жетілдіру, шикізатты терең өңдеу мен өндірістік деңгейге көтеру - басымдық болып қалады.
Біз озық ел болу үшін қиындықтардан сабақ алып, алға һәм болашаққа көз тігеміз. Мемлекет басшысы бұл бағытта Үкіметке «Кешенді даму жоспарын» әзірлеуді тапсырды.
«Жалпы ауқымды құрылыс жылы» – әрі нақты, әрі кең ұғым. Оның ауқымдылығы негізділігімен, тиянақтылығымен, қоғамдық өткір мәселелерді шешуімен өлшенсе керек.
Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,
Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі