Халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді – Жұлдыз Данбаева

Бүгін, 16:00 / Інжу Әлихан

Президенттің бұл Жолдауы экономикалық өсімді қамта­ма­сыз етуге, халықтың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік әді­леттілікті нығайтуға және мемлекеттік басқару жүйесінің тиім­ділігін көтеруге бағытталған.

Әсіресе, денсаулық сақтау саласына қатысты бастамаларға ерекше тоқталғым келеді.

Мемлекет басшысы өңірлерде жаңа медициналық нысандар салу, ана мен бала ден­саулығын қорғау, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мәселелеріне басымдық берді. Атап айтқанда, елімізде 8 перинаталдық орталық пен 7 балалар ауруханасын, сон­дай-ақ Астана қаласында 2 медициналық нысан салу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету саласында еңбек ете­тін 77 мыңнан астам медицина қызметкерінің жалақысын еңбек өтіліне қарай 40 пайыз­ға дейін арттыру туралы бастама – медицина мамандарының еңбегін бағалауға ба­ғыт­талған маңызды қадам.

Халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға қатысты шешімдер де айрықша мәнге ие. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін кө­теру – азаматтардың табысын арттыруға бағытталған нақты шаралардың бірі.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы әлеуметтік көмектің шын мәнінде мұқтаж азаматтарға берілуі қажеттігін атап өтті. Бұл – әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етудің және мемле­кет­тік қолдау шараларының тиімділігін арттырудың маңызды тетігі.

Президент инклюзивті білім беру инфрақұрылымын дамытуға да назар аударды. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолайлы жағдай жасап, олардың сапалы білім алуына тең мүмкіндік беру – маңызды міндеттердің бірі.
Жолдаудағы тағы бір ауқымды бастама – 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құры­лыс жылы» деп жариялау туралы ұсыныс. Оның аясында еліміздің барлық өңірлерінде жолдар, мектептер, ауруханалар, тұрғын үйлер және басқа да әлеуметтік инфрақұрылым ны­сандарын салу мен жаңғырту көзделіп отыр. Бұл бастама өңірлердің дамуына серпін беріп, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Президент көтерген мәселелердің барлығының түпкі мақсаты – әрбір қазақстандықтың өмір сүру сапасын жақсарту, өңірлердің дамуына серпін беру және әділетті қоғам қалып­тастыру.

Құрылтай депутаты ретінде Жолдауда белгіленген міндеттерді заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету, әсіресе, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қорғау саласындағы бастамалар­дың нақ­ты іске асуына ықпал ету маңызды деп санаймын.

Ең бастысы, қабылданған шешімдер халықтың күнделікті өмірінде оң өзгерістерге ұласуы тиіс.

Жұлдыз ДАНБАЕВА, 
Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі