Президент ең алдымен Қазақстанның Азаматтық кодексін қайта жазу қажеттігін айтты. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің Азаматтық кодексі азаматтар мен мемлекет арасындағы, сондай-ақ адамдардың өзара экономикалық қарым-қатынасын реттеуге және нарықтық экономикаға бейімдеуге өз үлесін қосты. Алайда заман өзгеріп жатыр. «Елу жылда ел жаңа» демекші, бүгінде экономикада түрлі жаңа үрдістер пайда болды. Цифрландыру, жасанды интеллектінің дамуы, еңбек қатынастарының өзгеруі сияқты үдерістер жаңа талаптар қойып отыр. Сондықтан қазір ең негізгі мәселелердің бірі – Азаматтық кодексті жаңарту.
Екінші мәселе – Салық кодексі. Президент бизнес субъектілерінің дамуына кедергі келтіретін барлық тосқауылды алып тастау жөнінде тапсырма берді.
Үшінші мәселе – Alatau City қаласын салу және сол аумақта ағылшын заңнамасын енгізу. Менің ойымша, бүгінгі таңдағы ең маңызды мәселелер – осылар.
Президенттің тапсырмалары нақты. Егер олардың барлығы орындалса, Қазақстан жаңа технологиялық циклге енеді. Сондықтан министрлер мен әкімдердің бұл тапсырмаларды орындауға барлық мүмкіндігі бар деп есептеймін. Біз Президент тапсырмаларының нақты жүзеге асырылуы және Үкімет пен әкімдіктердің өз міндеттерін орындауы мәселесін әрдайым бақылауда ұстайтын боламыз.
Қазақстан қазірдің өзінде Президент Тоқаевтың реформаларының оң нәтижелерін сезініп отыр. Реформалардың қорытындылары айтарлықтай байқалады. Биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 400 млрд долларға жетеді. Сонымен қатар жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 19 мың долларды құрайды. Бұл – Орталық Еуропа елдерінің экономикалық көрсеткіштерімен салыстыруға болатын деңгей.
Сондай-ақ ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру жөнінде нақты тапсырма берілді. Бұл шешімнің оң әсерін халқымыз 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап сезіне бастайды. Яғни, 1,8 млн адамның әлеуметтік жағдайы жақсарады.
Бұған қоса, инфрақұрылымды дамытуға 6,5 трлн теңге бөлінеді. Бұл қаражат өңірлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға, салық түсімдерін арттыруға және жаңа бизнесті дамытуға мүмкіндік береді. Сондықтан Президент тапсырмаларын халықтың игілігі үшін жүзеге асыру жұмыстары бірден басталады.
Бұл Жолдаудың негізгі лейтмотиві – онда айтылған барлық мәселе шешімін тапса, Қазақстан жаңа технологиялық циклге өтіп, экономикасын шикізат сатуға негізделген модельден технологиялық экономикаға бағыттайды. Осы мақсатта мемлекет қомақты қаржы бөліп отыр. Сонымен бірге нақты шешімдер де қабылдануда.
Егер Қазақстан осы Жолдауда белгіленген бағыттарды жүйелі түрде жүзеге асырса, елімізде жаңа энергия ресурстары пайда болып, экономикалық дамудың жаңа бағыттары қалыптасады. Сондықтан Жолдаудың негізгі нәтижесі Қазақстан экономикасының жаңа технологиялық циклге өтуі және халықтың әл-ауқатының артуы болмақ.
Ерлан САЙЫР,
Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі