Домбыра үйрену үшін Бельгиядан көшіп келген Лукас

Бүгін, 17:16 / Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Бельгиялық Лукас Моммер домбыраға қызығып, Қазақстанға қоныс аударған. Өз еліндегі француз тілінен сабақ беріп жүрген ол алғашында домбыраны Қазақстаннан тапсырыспен алдыртып, өз бетінше үйренген. Кейін Алматыға келіп, нағыз мамандардан сабақ алуды жөн көрген. Қазір ол домбыра шертуді үйренумен қатар, қазақ тілі курсына қатысып, Абай шығармашылығын зерттеп жүр. Оған қоса, Алматыдағы Нархоз университетінде оқытушы болып жұмыс істейді. Қазақ мәдениетін тереңірек танып қана қоймай, оны өзгелерге де таныстыруға ниетті, Қазақстан мен Еуропа арасындағы мәдени байланысты нығайтуды мақсат қылған Лукасқа хабарласып, әңгімеге тартқан едік.

Астанадан Бельгияға домбыра алдырттым

– Алғашында сонау Бельгиядан Ал­ма­тыға домбыраны үйрену үшін кел­ге­ніңізді естігенімізде таңғалған едік. Бү­гін қазақ тілін қатар үйреніп жүр­ге­ніңізді білдік. Бәрі неден басталған еді? Біз­дің мәдениетке қызығуыңызға не түрт­кі болды?

– Әңгімені бастамас бұрын, алдымен өзім­ді қазақша таныстырып өтейін. Менің есімім – Лукас. Отыз бес жастамын. Бельгия аза­матымын. Домбыраны үйрену үшін жай­лы ортамды тастап, арнайы Алматыға кел­дім. Қазақ тілін де үйреніп жүрмін. (Ары қа­рай ағылшынша жалғастырды – Ред.) Бәрі не­ден басталды дейсіз бе? Бельгияда жүр­ген­де домбыраның қоңыр үніне ғашық болдым. Ме­нің негізгі мамандығым – француз тілінің мұғалімі. Десе де, музыкаға әуестігім бар. Бос уақытымды соған арнаймын. Домбыра ас­­­пабы мен үшін жаңалық болды. Қайтсем де, сол аспапты үйренуді мақсат еттім. Сөй­тіп Астанадан домбыра алдырттым. «Асыл дом­быра» дүкені маған арнайы домбыра жа­сап берді. Домбыраның пішініне қарай біз оны Абай домбыра деп атаймыз. Сөйтіп сол домбыра арқылы Бельгияда бір жыл өз бе­тімше үйренумен болдым. Содан соң онлайн үй­ренгеннен гөрі Қазақстанға келіп, маман­мен бетпе-бет отырып, сабақ алу керек еке­нін түсіндім. Домбыраны шебер үйрететін, Алма­тыда тұратын танымал маман Бақтияр Аман­байдың әлеуметтік желіде ағылшынша сабақ беріп жатқанын байқап қалдым. Сөй­тіп, Алматыға екі ай бұрын қоныс аудардым. Осы аралықта бір-бірімізге көмектесіп, бірге дамыдық. Мен домбыра тартуды үйреніп, ше­берлігімді шыңдасам, ол менімен сөйлесу арқылы ағылшын тілін жетілдірді. Қазір ол ағыл­шынша сенімді сабақ береді. Тіпті, Чили мен АҚШ-та бірнеше шәкірті бар. Мұн­да көшуіме тағы бір себеп – қазақша кө­бірек сөйлейтін орта тапқым келді. Мен үшін тілді оқулықтан үйрену жеткіліксіз, оны адамдармен күнделікті қарым-қаты­нас­та қолдану маңызды. Дегенмен Алматыда орыс­ша сөйлеуге мәжбүр болатын жағдайлар жиі кездеседі. Сол себепті Шымкент, Түр­кі­стан, Қызылорда мен Маңғыстауға барғым ке­леді. Алматы – жанға жайлы қала. Та­б­и­ға­тына тамсанбау мүмкін емес. Тағамдары тіл үйіре­ді, тұрғындарының дүниетанымы мен өмір­ге көзқарасы да маған қызық. Шынымды айтсам, Алматыдағы өмірім маған өте ұнай­ды. Бірақ Қазақстанды тереңірек танып, қа­зақ тілін жақсы меңгеру үшін басқа өңір­лер­ді де аралауым керек.

Абайды түсіне алатындай деңгейге жеткім келеді

– Мәдениетімізді тереңірек таныған сайын Абай шығармашылығына да қы­зығушылығыңыз артқан екен. Абайды оқу­ға не түрткі болды? Қазақ тілін енді үй­реніп жүрген адам үшін бұл оңай бол­маса керек.

– 10 жыл бұрын Моңғолияға саяхат жа­са­дым. Сол кезден бастап Орталық Азияның та­рихына қызығып, Шыңғыс хан туралы көп дерек оқи бастадым. Моңғол тілін үй­ре­нуді де қолға алдым. Десе де, ол елдің мә­де­ние­тіне толық «бойлай» алмадым. Сөйтіп жүр­­генде бір күні Spotify-дан кездейсоқ «Has­Sak», «Тұран» этно-фольклорлық ансам­бль­дерінің туындысын тыңдадым. Олардың әуе­ніне қатты ғашық болдым. Содан соң, әл­бетте, домбыра үніне, сосын қобыздан шы­ғатын дыбысқа таңдай қақтым. Кейін же­тіген, шертер секілді аспаптарды зерттей бас­тадым. Алайда қазақ музыкасын жан-тә­ніңмен түсіну үшін алдымен қазақ мәд­е­ние­тін түсінуің керек. Сондай-ақ тарих пен тілін де білгенің абзал. Сөйтіп, қазақтың тарихын өз бетімше зерттеп жүргенімде, Абайдың шы­ғармашылығымен таныстым. Менің мақ­сатым – Абайды оқып, түсіне алатындай дең­гейге жету. Десе де, мұның қиын соға­тынын түсінемін. Абайдың өлеңдеріндегі кө­не сөздерді мен түгілі, кейбір қазақтар же­те түсіне алмайды екен. Дегенмен сөздік ар­қылы жаттап, мағынасын түсінуге ты­ры­самын. Менің сүйікті өлеңдерімнің бірі – «Қар­тайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек». Бұл өлеңді жатқа білемін. 

– «Қазақ тілін, тарихын білмей жа­тып, домбыра шертуді ғана меңгердім деу дұрыс емес» деген пікіріңізге разы бо­лып отырмын.

– Домбыраны үйрене бастағанда, алды­мен саған бірнеше күй үйретеді. Ән айта білуің де маңызды. Мен алдағы уақытта күй тар­тып қана қоймай, ән де айтқым келді. Төл аспабына қызыққан ұлттың тарихын, тілін білмей тұрып, оның мәдениеті мен болмы­сын толық тану мүмкін емес деп ойлаймын. Өйт­кені тіл – ұлт бірегейлігінің символы. Қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімім Аста­нада тұрады. Қазір қазақшаны онлайн үйре­ніп жүрмін. Десе де, практикада көп қол­да­на­мын.

– Қазақстанға келіп, осында тұрып, дом­быра үйренемін деген шешіміңізді от­­­басыңыз қалай қабылдады?

– Көшу туралы шешімімді айтқанымда, от­басым таңғалды. Олар Қазақстан туралы ра­сында ештеңе білмейтін. Еуропалықтар Қа­зақстанды көбіне «Борат» фильміндегі бұр­маланған бейне арқылы танып-біледі. Біз бұ­рын атауы «-стан» деп аяқталатын елдер­дің бәрі бір-біріне ұқсас деп ойлайтынбыз. Мы­салы, Ауғанстан, Пәкістан мен Қазақ­стан­ды бір-бірінен онша ерекшеленбейтін мем­лекеттер ретінде қабылдайтынбыз. Қазір ата-анам әлеуметтік желіге күн сайын жа­рия­лайтын жазбаларымды көріп отырады. Олар Қазақстанның өздері ойлағаннан мүл­де басқа, шынымен де ерекше ел екенін ай­тып жүр. Енді екеуі Қазақстанға келуді жос­­­­парлап отыр. 

Қазақ музыкасы – әлемдегі ең керемет әуендердің бірі

– Бір сұхбатыңызда еуропалық ас­пап­тардың күрделі құрылымымен са­лыстырғанда, домбыраның екі ішегінен осын­шама бай әуен шығатынына таң­ғалғаныңызды айтқан едіңіз.

– Иә, екі ішекті аспаптарды Еуропадан аз кезіктіреміз. Екі ішектен осындай ғажап әуен шығуы мүмкін деп ойламайсың да. Бе­ль­гия астанасы Брюссельде аспаптар музейі бар. Онда көп ұлттың төл аспаптары қойылған. Қа­зақ ансамбльдері онда екі рет гастрольдік са­пармен барғанда музейге домбыра сый­лағанын білемін. Сол домбыраны көрген еу­ропалықтар қазақ музыкасына қызығу­шы­лық танытып, мен секілді оны тереңірек та­ни түссе екен деймін.
Меніңше, қазақ музыкасының әлемде алар орны ерекше. Бұл жай ғана музыка емес, он­да халықтың рухы мен дүниетанымы жа­тыр. Мысалы, мен музыка арқылы Қазақ­стан­ның тарихын, соның ішінде ашаршылық кезеңін де таныдым. Сол қиын-қыстау за­ман­да домбыраның орны ерекше болғанын да білдім. Тіпті домбыра тартуға тыйым са­лынған кезеңде де оның рухани күші жойыл­маған екен. Мен үшін домбыра – қа­зақ халқының төзімділігі мен қайсарлы­ғы­ның көрінісі. Ол – халықтың қандай қиын­дық­ты бастан өткерсе де, рухын жоғалт­па­ға­нын танытатын символ. 

– Қазақ тілін үйрену қиын емес пе?

– Басында төл дыбыстарды айтудан қи­нал­ғаным бар. Мұғалімім Бақтиярдың әйе­лі­нің есімі – мен естіген ең күрделі қазақша есім­дердің бірі. Қызғалдақ. Оның есімін дұрыс дыбыстаудан қиналдым. Бір аптадан кейін Бақтияр менің неліктен Қызғалдаққа тіл қатпайтынымды сұрады. Ал мен оның есімін қате айтудан қорыққандықтан үнде­мей жүрдім (күліп). Шынымды айтсам, қазақ тілін үйрену маған аса қиын емес. Бельгияда латын тілінен сабақ бергенмін. Сонымен қатар моңғол тілінде сөйлеймін. Латын және қазақ тілдерінің арасындағы ұқсастықтарды бай­қаймын. Осы ретте айта кетерлігі, қазақ­тар француз тілін өте сенімді түрде үйренеді. Мен мұны студенттерімнен байқадым. Әдеп­кі­де, қатты таңғалған едім. Студенттерім фран­цуз тілін аз уақыттың ішінде тез мең­геріп алды. Қазақ тіліндегі қ, ә, ғ, ө сияқты төл дыбыстар француз тілінде сөйлеуді де жеңілдетеді.

– Студенттер демекші, Нархоз уни­вер­ситетінде француз тілінен сабақ бе­реді екенсіз. Бельгияда жүріп-ақ Қа­зақ­станнан жұмыс қарастырдыңыз ба?

– Мен бір нәрсені қаласам, ұзақ күтпей, бір­ден іске кірісіп кетемін. Қазақстанға нақ­ты көшемін деген сәттен бастап мұндағы уни­верситеттерге хат жаза бастадым. Түйін­демемді жіберіп, өзімді кеңінен таныстырып, Қа­зақстанда жұмыс істегім келетінін айт­тым. Екі ай бойы көп университетке хат жа­зып, жұмыс іздеумен болдым. Маған ал­ғаш болып Петропавлдегі университет жауап берді. Алайда онда орыстілді орта басым еке­нін түсінген соң, ол шақыртудан бас тарт­тым. Қазақстанға келуіме екі апта қалғанда Нархоз универ­си­тетінен хабар кел­ді. Мен қуа­на-қуана Ал­ма­тыны таң­да­дым. Жоғарыда ай­тып өткенім­дей, Алматы ма­ған қатты ұнай­ды. Қа­­лада ағаш өте көп. Бельгия қала­ла­рымен са­лыс­­тыр­ған­да, Ал­ма­ты әлде­қай­да жа­сыл желекке то­лы. Оның үстіне, Бель­гия­да тау жоқ. Сондықтан Ал­матыда тұрып жатқаныма қуа­ныштымын. Дегенмен маған ұна­майтын бір жайт бар. Таңертең автобусқа мін­генде адамдардың кейбір әрекеттерінен көңілім қалады. Әсіресе, үлкен кісілердің ите­ріп өтуі, кезекте тұр­ғанда бір-біріне құр­мет танытпауы бай­қалады. Мұны ХҚКО-да не­месе басқа да ке­зектерде тұрған кезде де осы жайтты се­зінемін.

Қазақ өнері арқылы көп дос таптым

– Нью-Йорктен жаз сайын келетін, бір жыл бойы домбыра өнерін зерттеуге бө­лінген грантты ұтып алған Жефф Гер­шпен дос екенсіздер. Бельгия мен Аме­риканың азаматын қазақ мәдениеті та­быстырғанына таңғаласың.

– Иә, бұл – керемет оқиға! Мен оны Instagram-нан көріп қалдым. Жефф дом­быраны менен әлдеқайда жақсы меңгерген. Оның мамандығы – музыкант, ал бұл – менің хоббиім. Қазақстан төл музыкасы арқы­лы шетелдіктерді бір-бірімен байла­ныс­тырып жүр. Керемет емей немене?! Өт­кен аптада Жеффпен бірге дәстүрлі ән­ш­і­лер­дің концертіне бардық. Кейін барға барып, екі сағат бойы әңгімелестік. Мұның бәріне Қа­зақстан мәдениетін танып-білуге деген құш­тарлығымыз себеп болды.

Қазақстан әлемнің түпкір-түпкіріндегі адам­дарды байланыстырады. Мәселен, Бель­гияда Димаштың жанкүйерлері бар. Оның фан-клубтары жақсы жұмыс істейді, тіпті ол туралы радиобағдарламалар да шығады. Қазақ мәдениеті шынымен де әлемдік дең­гейге көтеріліп келеді. Шетелдіктердің Қа­зақстан туралы көбірек білгісі келетініне өзім куә болып жүрмін. Мен де осы үдерістің бір бөлшегі болғаныма қуаныштымын.

– Қазақтың қай күйін қайта-қайта шерт­кіңіз келеді?

– Қазір «Көрұғлы» күйін үйреніп жүрмін. Төк­пе күйлерді шебер орындаймын деп айта алмаймын, өйткені оларды жылдам орындау ке­рек. «Ерке сылқым» күйін ойнай аламын.

Ал сүйікті туындыларыма келетін бол­сам, Абайдың шертпе стиліндегі «Май түні», «Тор жорға», «Майдақоңыр» күйлерін ерекше жақсы көремін. Оларды домбырада орындай аламын.

– Алдағы мақсатыңыз қандай?

– Менің визам бір жылға берілген. Десе де оны ұзарту мүмкіндігі де бар. Қазақ­стан­дағы мақсатым – француз ті­лін оқытуға үлес қо­су. Менде бар мүм­кін­дік­тер қазақ балаларына да қолжетімді болса дей­мін. Олар Франция, Бельгия, Швейцария не­месе Канада сияқты французтілді елдерге бар­ғанда тілді еркін меңгеріп, емін-еркін сөй­­лесе алса екен. Француз тілін үйренуге ын­­тасы жоғары студенттерді көргенде қатты қуа­намын. Мақсаттарымның бірі – шә­кірт­теріме Францияның немесе Бельгияның уни­верситеттеріне оқуға түсуге көмектесу.

Мен Еуропа мен Қазақстан арасында мә­дени көпір болғым келеді. Өйткені менің қа­зақтарға, ал олардың маған берері одан да көп. Осыған орай, алға қойған үлкен, ұзақ­мер­зімді жоспарларым бар. Түрлі жобаларды жүзе­ге асырғым келеді.
Жақында Бельгия королі Филипп пен пат­шайым Матильда Қазақстанға мемле­кет­тік сапармен келіп кетті. Қазір екі ел ара­сын­дағы байланыс күшейіп ке­леді. Бұл сөзсіз, жаңа мүмкіндіктерге жол аша­ды.

Мен Қазақстанға тек алу үшін емес, өзім­де бар білімімді бөлісу үшін де келдім. Бұл – мен үшін өте маңызды. Қазақтарға француз тілінен білетінімнің бәрін үйреткім келеді, ал өзім қазақ мәдениетін, соның ішінде дом­быра өнерін тереңірек меңгерсем деймін. Мен үшін бұл – екіжақты мәдени алмасудың мәні.

– Әңгімеңізге рахмет! Қазақ мәде­ние­тіне құш­тарлығыңыз үшін алғыс айтамыз!
 

Сұхбаттасқан 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ