Президент: Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен жүк тасымалы 10 пайызға ұлғайды

Бүгін, 14:28 / Інжу Әлихан
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитінде көлік-логистика саласындағы әріптестікті тереңдету басым міндеттің бірі деп санайтынын айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

– Түркі әлемін өзара байланыстыру ісінде Транскаспий халықаралық көлік бағытының алатын орны ерекше. Биылғы 9 айда Орта дәліз арқылы тасымалданған жүктің көлемі 30 пайызға артты. Соның ішінде транзиттік тасымал көлемі 90 пайызға өсті. Ал Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен теміржол арқылы жүк тасымалы 10 пайызға ұлғайып, 40 миллион тоннаға жақындады. Автокөлікпен тасымалданған жүк көлемі де 20 пайызға көбейіп, 6,5 миллион тоннаға жетті. Осы орайда, біз Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыра түсу үшін елімізде басымдық ретінде арнайы бағдарламаны жүзеге асыратын болдық. Жалпы, еліміз үшін Орта дәліз бойындағы логистика инфрақұрылымын және теңіз порттарын жаңғырту жұмысының маңыздылығы өзгермейді. Алайда басқа көлік-логистика бағдарлары, яғни, Солтүстік-Оңтүстік дәлізі, «Бір белдеу, бір жол» жобасы және өзге де жолдар Қазақстан үшін өте пайдалы әрі тиімді болып қала береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.