Қызылорда облысында ұлын өлтірген ер адам 8 жылға сотталды

Бүгін, 12:57 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Қызылорда облысының Арал ауданында ұлын пышақтап өлтірген ер адам 8 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, қайғылы оқиға биыл 4 шілдеде болған. Сол күні әкесі мен ұлының арасында үйде жанжал туындаған.

Жанжал барысында ер адам ұлына пышақпен бірнеше рет соққы жасап, оның кеуде тұсын, қолы мен басын жарақаттаған. Салдарынан жәбірленушінің жүрек қан тамырлары зақымданып, ол алған жарақатынан көз жұмған.

Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен ер адам Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.