Аңсар Айдаров «Самұрық-Қазына» АҚ басшысы болып тағайындалды

Бүгін, 12:11 / Алуа Арман
Фото: samrukkazynaofficial

«Самұрық-Қазына» АҚ басқармасының шешімімен Аңсар Айдаров «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақұпов компания ұжымына жаңа басшыны таныстырып, жұмыс кеңесін өткізді. Жиында ол негізгі инвестициялық жобаларды іске асыру мерзімдерін қатаң сақтаудың маңыздылығын атап өтіп, электр станцияларын белгіленген уақытта пайдалануға беруді қамтамасыз етуді тапсырды.

Акционерлік қоғамның баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ансар Айдаров 2013 жылдан бері «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының құрамында жұмыс істейді.

Бұған дейін ол «Энергия Семиречья» ЖШС бас директоры, «Самұрық-Энерго» АҚ Жобалық кеңсесінің жетекшісі және инвестициялар жөніндегі бас директоры қызметтерін атқарған.

Еске салайық, бұған дейін Қайрат Мақсұтов жобаларды іске асыру қарқынының қанағаттанарлықсыз болуына байланысты «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы қызметінен босатылған болатын. Кейін Премьер-министр Олжас Бектенов оның жұмыстан босатылуына қатысты түсініктеме берді.

Тэгтер:

Тағайындау басқарма төрағасы басшы Аңсар Айдаров Самұрық Энерго