Қазақстандықтардың 87,15%-ы жалпыхалықтық референдумда жаңа Конституцияға дауыс берді

Бүгін, 11:32 / Алуа Арман

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында Қазақстанның бүгінде жаңа өрлеу дәуірінің табалдырығында тұрғанын айтты. Бұл кезеңнің негізі конституциялық реформа болды: 2026 жылғы 15 наурызда өткен жалпыұлттық референдумда дауыс беруге қатысушылардың 87,15%-ы жаңа Негізгі заңды қолдады. 1 шілдеден бастап Конституция күшіне еніп, ел дамуының ұзақ мерзімді бағдарларын айқындады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Құжат мемлекеттік органдардың, сарапшылар қауымдастығының және азаматтық қоғамның қатысуымен әзірленді. 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия қоғамдық талқылау барысында, оның ішінде цифрлық платформалар арқылы келіп түскен ұсыныстарды қарастырды. Жалпы азаматтар 12 мыңға жуық ұсыныс пен ескерту жолдады. Конституция мемлекеттік құрылым мен адам құқықтарын қорғаудың жаңартылған қағидаттарын бекітетін 11 бөлім мен 96 баптан тұрады.

Конституцияның преамбуласы толық жаңартылды. «Біртұтас Қазақстан халқы» деген тұжырым азаматтардың ортақтығын және байырғы қазақ жеріндегі мемлекеттіліктің тарихи сабақтастығын айқындайды. Преамбулада Әділетті Қазақстан идеясы, «Заң мен тәртіп» қағидаты, бірлік пен ынтымақтастық, білім, ғылым және инновация құндылықтары, сондай-ақ болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік пен табиғатқа ұқыпты қарау бекітілген.

Бұл бағдарлар нақты баптарда ашып көрсетілген. 1-бапта адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылықтар ретінде айқындалған. 2-бапта Егемендіктің, Тәуелсіздіктің, біртұтастықтың, аумақтық тұтастықтың және президенттік басқару нысанының өзгермейтіндігі бекітілген. 3-бапта мемлекет қызметінің негізгі қағидаттары: Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлікті нығайту және халықтың әл-ауқатын арттыру бекітілген. Олардың қатарында қоғамдық диалог, жауапты әрі жасампаз отаншылдық, еңбекқорлық, экологиялық мәдениет және тарихи-мәдени мұраны сақтау да бар. Адами капиталды, білімді, ғылымды және инновацияларды дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде айқындалған. 4-бапта халық Егемендіктің бірден-бір иесі және мемлекеттік биліктің қайнар көзі ретінде белгіленген.

27-бап әркімнің еңбек етуге, қызмет түрі мен кәсіпті еркін таңдауға құқығына кепілдік береді. Конституция 3-бапта бекітілген еңбекқорлық қағидатымен ұштастыра отырып, адамның еңбек ету құқығын қорғап қана қоймай, еңбекқорлықты негізгі қоғамдық құндылықтардың бірі ретінде орнықтырады.

30-бапта неке мен отбасын, ана болуды, әке болуды және балалық шақты мемлекеттік қорғау бекітілген. Неке заңға сәйкес мемлекет тіркеген еркек пен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде айқындалған. Бұл ережелер отбасының маңызын, ерлі-зайыптылардың теңдігін және өскелең ұрпақты тәрбиелеу жауапкершілігін айқындайды.

Негізгі заңда экологиялық жауапкершілікке ерекше назар аударылған. Азаматтар табиғатты сақтауға және табиғи байлықтарға ұқыпты қарауға міндетті, ал мемлекет адамның өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғауды мақсат етеді. Осылайша, табиғатқа қамқорлық жасау мемлекеттің міндеті ғана емес, әрбір азаматтың да борышына айналады. Бұл табиғатты қорғау саясатының құқықтық негізін күшейтіп, аталған бағыттың қоғамдық маңызын айқындайды және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасының құндылықтарымен үндеседі.

Мемлекеттік басқару жүйесінің құрылымы жаңартылды: 145 депутаттан тұратын бір палаталы Құрылтай қалыптастырылды, Қазақстан Халық Кеңесі құрылды. 70-71-баптарда Халық Кеңесінің мәртебесі мен өкілеттіктері, оның ішінде заң шығару бастамасы және референдум өткізуге бастамашылық жасау құқығы айқындалған. Жаңа модель биліктің тұрақтылығын, парламенттік бақылауды және Үкіметтің есептілігін нығайтуға бағытталған.

Реформалардың практикалық маңызы адам құқықтарын қорғау кепілдіктері арқылы көрініс табады. 18-бапта ұстап алу негіздері мен ұсталған адамның құқықтарын түсіндіру міндеті – «Миранда қағидасы», сондай-ақ ұсталған сәттен бастап адвокаттың көмегін алу құқығы бекітілген. 15-бапта мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиянды мемлекеттің өтеуі көзделген. Алғаш рет конституциялық деңгейде – 86-бапта сот арқылы қорғауды және заң көмегін қамтамасыз етудегі адвокатураның рөлі айқындалды.

Технологиялық даму жағдайында адам құқықтарына ерекше назар аударылған. 21-бапта дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан, оның ішінде цифрлық технологияларды қолдану кезінде қорғауға кепілдік берілген. 23-бапта ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігіне, сондай-ақ зияткерлік меншікті қорғауға кепілдіктер бекітілген. Бұл жеке өмірге қол сұғылмаушылықты сақтай отырып, инновацияларды дамытудың құқықтық негізін қалыптастырады.

Заңнаманың болжамдылығына қатысты кепілдіктер күшейтілді. 5-бапта жаңа міндеттер жүктейтін, азаматтардың жағдайын нашарлататын немесе жауаптылықты белгілейтін не күшейтетін заңдарға кері күш беруге тыйым салынған.

Осылайша, жаңа Конституция мемлекеттілік негіздерінің мызғымастығын билік институттарын жаңартумен және адам құқықтарының кепілдіктерін кеңейтумен ұштастырады. Ол мемлекеттің қоғам алдындағы жауапкершілігінің нақты жүйесін қалыптастырып, ел болашағын айқындаудағы шешуші сөзді халыққа береді. 

Тэгтер:

Конституция Ата заң референдум Дауыс беру құқықтық реформа