Жаңа Азаматтық кодекс Қазақстанның технологиялық дамуының құқықтық негізіне айналуға тиіс – Гүлнұр Рашева

Бүгін, 10:42 / Алуа Арман

Мемлекет басшысы жуырда жариялаған «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңіндегі өзекті міндеттер» атты Жолдауында заман талабына жауап беретін жаңа Азаматтық кодексті қабылдау қажеттігі туралы айтқан болатын. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының доценті, PhD докторы Гүлнұр Рашева қолданыстағы Азаматтық кодекс нарықтық қатынастардың қалыптасуы мен жекеменшік институтының дамуына елеулі үлес қосқанын, алайда қазіргі цифрлық экономика, жасанды интеллект, электрондық сауда, цифрлық активтер және жаңа инвестициялық қатынастар азаматтық-құқықтық реттеудің жаңа тәсілдерін қажет ететінін жеткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында еліміздің құқықтық жүйесін жаңғырту және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық кодексін қабылдау туралы бастама еліміздің құқықтық жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды әрі уақыт талабынан туындаған қадам. Қолданыстағы Азаматтық кодекс нарықтық қатынастардың қалыптасуы мен жекеменшік институтының дамуына елеулі үлес қосты. Алайда қазіргі цифрлық экономика, жасанды интеллект, электрондық сауда, цифрлық активтер және жаңа инвестициялық қатынастар азаматтық-құқықтық реттеудің жаңа тәсілдерін қажет етеді. Жаңа кодексті әзірлеу барысында азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, шарттық қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз ету, зияткерлік меншік құқықтарын жетілдіру және цифрлық ортада туындайтын дауларды құқықтық реттеу мәселелеріне басымдық берілуі ұсынылады. Сонымен қатар шетелдік инвесторлар үшін түсінікті әрі болжамды құқықтық ортаны қалыптастыру экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді», – дейді ол.

Алайда маман жаңа кодексті жылдам қабылдауға емес, жаңа кодекстің құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтуға және Қазақстанның халықаралық экономикалық кеңістіктегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға нақты үлес қоса алатындай сапалы болуына назар аудару қажеттігін айтады.

«Дегенмен жаңа Азаматтық кодексті қабылдаудың тиімділігі оның қаншалықты жылдам әзірленгенімен емес, мазмұнының сапасы және іс жүзінде қолданылу нәтижесімен бағалануы қажет. Сондықтан оны әзірлеу жұмысына азаматтық құқық саласындағы ғалымдар, тәжірибелі заңгерлер, судьялар, кәсіпкерлер және өзге де мүдделі тараптар кеңінен тартылуы керек. Сонымен бірге халықаралық тәжірибені ұлттық құқықтық жүйенің ерекшеліктерімен ұштастырып, құқықтық нормалардың өзара үйлесімділігіне ерекше назар аудару қажет. Қорытындылай келе, жаңа Азаматтық кодекс тек қолданыстағы заңнаманы жаңарту құралы ғана емес, Қазақстанның ұзақ мерзімді экономикалық және технологиялық дамуының құқықтық негізі болуы тиіс. Оның басты мақсаты – адам құқығын қорғауды күшейту, азаматтық айналымның тұрақтылығын қамтамасыз ету және инновациялық экономиканың дамуына қолайлы жағдай жасау. Осы міндеттер жүйелі түрде іске асырылған жағдайда ғана жаңа кодекс құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтуға және Қазақстанның халықаралық экономикалық кеңістіктегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға нақты үлес қоса алады», – дейді ол.

Тэгтер:

жолдау Азаматтық кодекс Гүлнұр Рашева