Алматыда жаңа медициналық кешен салынады

Бүгін, 09:30 / Інжу Әлихан

Алматыдағы «Шығыс қақпасы» полиорталығында көпбейінді аурухана, онкологиялық орталық және емхананы біріктіретін жаңа медициналық кешен салынады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровамен бірге нысанның құрылысына арналған естелік капсула қою рәсіміне қатысты.

Жаңа кешеннің жалпы ауданы шамамен 45 мың шаршы метр болады. Оның құрамында 250 адамға арналған көпбейінді аурухана және бір ауысымда 350 адамды қабылдайтын консультативтік-диагностикалық орталық жұмыс істейді.

Әкімнің айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында қала тұрғындарының тұрғылықты жеріне жақын маңда сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алуына жағдай жасалып жатыр.

«Жаңа медициналық нысандардың заманауи озық стандарттарға сай болуына, қаланың бүгінгі қажеттілігін ғана емес, алдағы даму талаптарын да қанағаттандыруына баса мән береміз.

Кешен стационарлық, алғашқы және мамандандырылған медициналық көмектің, соның ішінде онкологиялық науқастарға көрсетілетін көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Нысанда заманауи медициналық технологияларды енгізуге, құрал-жабдықтардың сапасына және медициналық үдерістерді цифрландыруға ерекше көңіл бөлінеді», – деп жазды Дархан Сатыбалды.