Ұлттық ұлан сарбаздары отандық «Барыс 6х6» броньды техникасын меңгеріп жатыр

Бүгін, 09:00 / Алуа Арман
Ұлттық ұлан

Алатау қаласында Ұлттық ұланның 6654 әскери бөлімінің базасында отандық «Барыс 6х6» броньды дөңгелекті машинасын пайдалану бойынша оқу курсы өтуде. Оған Алматы, Түркістан және Қостанай қалаларындағы әскери бөлімдерден, сондай-ақ Петропавлдағы Ұлттық ұлан Академиясынан келген механик-жүргізушілер мен көздеуші-операторлар қатысып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Полигонда механик-жүргізушілер броньды машинаны күрделі жер бедері мен жолсыз жерлерде басқару дағдыларын жетілдіруде. Практикалық сабақтар барысында олар маневр жасау, қозғалыс бағытын дұрыс таңдау және кедір-бұдырлы жолдардан өту тәсілдерін пысықтайды.

Ал көздеуші-операторлар машинаның құрылымын, орнатылған жабдықтардың мақсатын және борттық жүйелерді пайдалану ерекшеліктерін зерделеуде. Бұл дайындық әскери қызметкерлерге жаңа техникамен жұмыс істеу үшін қажетті білім алуға мүмкіндік береді.

«Барыс 6х6» – күрделі жер бедерінде жоғары өтімділігімен ерекшеленетін отандық броньды машина. Ол 11 адамға дейін тасымалдауға арналған және −50-ден +50 °C-қа дейінгі температура жағдайында пайдалануға бейімделген.

Курс аяқталған соң әскери қызметкерлерге броньды машинаны игеру бойынша даярлықтан өткенін растайтын сертификаттар табысталады. Қараша айының басында «Батыс» өңірлік қолбасшылығында да осындай оқу жиынын өткізу жоспарда бар.

Экипаждарды даярлау ұландықтардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге және олардың қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындауға әзірлігін арттыруға бағытталған.

Тэгтер:

Ұлттық ұлан сарбаз әскери қызмет