Димаш Құдайберген Анкарадағы ғаламат концерттің арнайы қонағы болды

Бүгін, 07:52 / Нұрлан Әлинұр
Фото: Ақорда

Әнші Димаш Құдайберген Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының концертіне арнайы қонақ ретінде қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz DimashNews сайтына сілтеме жасап.

28 қазанда Анкарада Түркия Президенттік симфониялық оркестрі мен түркі әлемінің таңдаулы классикалық вокал орындаушылары бас қосқан "Grand Arena Concert" музыкалық кеші өтті.

Ауқымды концерт Түркия Республикасының құрылғанына 103 жыл толуына орай, Түркі мемлекеттері ұйымының мәдени іс-шаралары аясында ұйымдастырылды.

Қазақстан мен Қырғызстанның халық әртісі, ТҮРКСОЙ ұйымының жоғары марапаты – "Түркі әлемінің мәдениет елшісі" орденінің иегері Димаш Құдайберген концертке арнайы шақырылған құрметті қонақ ретінде қатысты.

Әнші Түркия Президенттік симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өзінің "Ұмытылмас күн" атты авторлық композициясын қазақ тілінде орындап, әлемдік рок музыкасының классикасы саналатын Queen тобының "The Show Must Go On" туындысын көпшілік назарына ұсынды.

Сонымен қатар Димаш танымал түрік диджейі Бурак Йетермен бірлесіп жазған "Weekend" композициясын және жуырда тұсауы кесілген, түрік тіліндегі алғашқы авторлық әні "Yazgı" туындысын орындады.