Ақтөбеде полиция қызметкерлері жедел іс-шаралар барысында қыздан ақша бопсалады деген күдікпен жас жігітті ұстады, деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Тергеу мәліметінше, күдікті бір ай бұрын танысып, жақын қарым-қатынаста болған Ақтөбе қаласының 21 жастағы тұрғынын бопсалап, одан ақша талап ете бастаған.
"Ер адам қыздың интимдік сипаттағы фото және бейнежазбаларын әлеуметтік желілерде жариялайтынын айтып қорқытқан. Алдымен жәбірленушіден 30 мың теңге алған, кейін тағы 70 мың теңге талап еткен", - дейді полиция.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері күдіктіні ақшаның екінші бөлігін алу кезінде ұстады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Қылмыстық заңнамаға сәйкес, мұндай қылмыс үшін мүлкін тәркілеумен қоса, төрт жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.