Өскеменде тоңазытқыш өртеніп, көпқабатты үйдің тұрғындарын әбігерге салды

Бүгін, 23:31 / Жамбыл Жайлау
ТЖМ

Өскемен қаласында көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатындағы пәтерден өрт шығып, тұрғындарды шұғыл эвакуациялауға тура келді. Құтқарушылар 14 адамды, оның ішінде бір баланы қауіпсіз жерге шығарды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға Өскемен қаласындағы Тимирязев көшесінде орналасқан көппәтерлі тұрғын үйде болған.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт бірінші қабаттағы пәтерлердің бірінен шыққан. Сол уақытта баспана иелері үйде болмаған. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер барлау жұмыстарын жүргізіп, пәтер ішіндегі тоңазытқыштың бөлшектері жанып жатқанын анықтаған. Өрт салдарынан шыққан түтін көпқабатты үйдің басқа тұрғындарына қауіп төндірген.

Осыған байланысты құтқарушылар адамдарды ғимараттан шұғыл шығару туралы шешім қабылдаған. Нәтижесінде қауіпті аймақтан 14 адам, оның ішінде бір бала эвакуацияланды.

«Түтіннің таралуы тұрғындарға қауіп төндіргендіктен, құтқарушылар қауіпті аймақтан 14 адамды, оның ішінде бір баланы жедел эвакуациялады. Өрт сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ», – делінген ТЖМ хабарламасында.

Өрт сөндірушілердің жедел әрекетінің нәтижесінде тілсіз жау толық ауыздықталды. Абырой болғанда, оқиға салдарынан ешкім жарақат алған жоқ. Әзірге тоңазытқыштың нақты қандай ақаудан жанғаны туралы ақпарат жарияланған жоқ.

Тэгтер:

Өскемен